Алматыда 50 миллион долларлық зауыт салынады

1106
зауыт
Фото: dribbble.com

Алматы. 5 ақпан. 7kun.kz — Алматының Индустриалды аймағында ирригациялық жүйелерді шығаратын зауыт салынады. Мұндай келісімге Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың Valmont Industries компаниясының жаһандық операциялар жөніндегі вице-президенті Роберт Гилленмен кездесуі қорытындысы бойынша қол жеткізілді. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Айта кетейік, ирригациялық жүйелерді өндіру бойынша инвестициялық жобаның құны 50 млн долларды құрайды.

Valmont Industries — әлемдегі ең ірі өндіруші және механикаландырылған ирригациялық машиналардың дистрибьюторы. Алматы өндірістік алаң ретінде кездейсоқ таңдалмаған. Логистика және жобаны іске асыру үшін ұсынылатын мүмкіндіктер тұрғысынан қала инвесторлар үшін тартымды.

«Сіздердің Индустриалды аймаққа қатысуыңыз Алматының жоғары инвестициялық тартымдылығын дәлелдейді және басқа халықаралық компанияларға біздің қаламызға инновациялық өндіріске инвестиция салу үшін үлгі болады», — деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Бүгінгі таңда Алматының Индустриалды аймағында 43 компания жобаларды іске асыруға кірісті, оның ішінде 9 -ы шетелдік қатысумен. Инвестицияның жалпы сомасы — 181 млрд теңге. 6,7 мыңнан астам жұмыс орны құрылады. 8 кәсіпорын пайдалануға берілді, инвестицияның жалпы сомасы — 26,6 млрд теңге. 985 жұмыс орны ашылады.

Сондай-ақ, 2020 жылы 1369 жұмыс орнын құрумен 24,1 млрд теңге сомаға 14 жобаны іске қосу жоспарланып жатыр.