Алматыда 90-нан астам «ақылды» бағдаршам пайда болады

95
90

Алматы. 21 қаңтар. 7kun.kz — Алматы әкімдігі жол қозғалысын басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізу мен пайдаланудың жаңа ережелерін әзірлеп жатыр. Бұл туралы мегаполис әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Республикасының «Алматы қаласының ерекше мәртебесі» Заңының аясында әзірленетін ережелер қаланың бағдаршам жүйесін модернизациялауға мүмкіндік береді. Биылғы жылы 93 бағдаршам зияткерлік көлік жүйесімен жарақтандырылады.

«Бұл құзырет қала тұрғындарының, мамандардың пікірін және халықаралық тәжірибені ескере отырып әкімдіктің бастамасы бойынша қолға алынуда. Осы мәселеге қатысты жүргізілген зерттеулер бағдаршамдарды жол жағдайларына қарай бейімдеу қажет екенін көрсетті», — делінген әкімдік хабарламасында.

Алматы қаласы мобильділік басқармасы басшысының орынбасары Қанат Байғоныровтың ақпараты бойынша, 2020 жылы бірінші кезеңде зияткерлік жүйемен 93 бағдаршамды жабдықтау жоспарланып отыр. Қалған бағдаршамдар 2022 жылдың соңына дейін жабдықталады.

«Ақылды» бағдаршамдар жолдардағы қозғалысты өзі реттейді, қондырғы жүргізушілер үшін қолайлы уақытты (20 немесе 30 секунд) болжай алады. Сонымен қатар, бағдаршамдардың зияткерлік жүйесі жолақтар, бағыттар бойынша көлік санын автоматты түрде санап, көлік жылдамдығын анықтайды.

«Көлік ағынын тіркейді және сыртқы әсерсіз жол қозғалысын реттейтін болады. Осылайша, бағдаршамдар жолдардағы жағдайларға бейімделеді», — деді Қанат Байғоныров.

Нәтижесінде «ақылды» бағдаршамдар «жасыл дәлізді» құрады және қозғалыс әлеуетіне басымдық береді, ең алдымен қозғалыстың үлкен ағынын азайтуды басшылыққа алады әрі қоғамдық көлік қозғалысына ықпал етеді.

Мұндай зияткерлік жүйені енгізу қаладағы жол қозғалысына қатысты проблемаларды шешуге, жолдардағы кептелістерді азайтуға, көше-жол желісінің өткізу қабілетін арттыруға әрі апатты жағдайларды азайтуға көмектеседі деп күтіліп отыр.