Алматы. 27 маусым. 7kun.kz — Алматы қаласында бірыңғай көлік тұрағы жүйесі енгізілді. Күндізгі 8:00-19:00 аралығында тұрақ ақылы, өзге уақытта тегін деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.
Алғашқы ақылы тұрақ Зенков көшесінде, Жібек жолы мен Мақатаев көшелерінің қиылысында орналасқан. Тұраққа «Алматы көлік тұрақтары» мобильді қосымшасы арқылы төлем жасауға болады. Ақылы көлік тұрағының бір сағаты 100 теңге, оның алғашқы 15 минуті тегін. Тұрақ ақысын көлік қойылған соң 15 минут ішінде төлеу қажет. Көлік иелері үшін SMS жіберетін 7757 нөмірі жұмыс істейді, ол «aparkmg.kz» веб- порталы арқылы жүзеге асады
Әр 15 минут сайын оның жұмысын «Алматы спецтехпаркинг сервисінің» инспекторлары қадағалап тұрады. Ақылы тұраққа қойылған көліктер суретке түсіріледі. «Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС терминалдарының ақпараттары қаланың ІІД-не бірден беріледі. Мұнда адам факторы мүлдем жоқ, инспекторлардың ақылы жұмыс жасауына тиым салынған.
Ақылы көлік аумағында мүгедектер мен ардагерлер үшін де барлық жағдайлар жасалған. Электромобильдер үшін тұрақ тегін. Осы аумақ тұрғындарына да жеңілдіктер жасалған. Көлігін тәулік бойына қою үшін оларға түнгі және жылдық абонементтер алуға рұқсат берілген.
Қалада бірыңғай көлік тұрағы жүйесін жасау жобасымен Алматы әкімі Бауыржан Байбек танысты. Әкім басқару жүйесі орталығында, Жібек жолы және Мақатаев көшесі маңындағы «Көк базар» аумағындағы ақылы көлік тұрағында болды.
Шара барысында Б.Байбек жобаның жоғары деңгейде жасалғандығын, қала тұрғындары үшін жақсы жағдайлардың қолға алынғандығын айтты. «Ақылы көлік тұрағының мақсаты — көше қозғалысының тынысын кеңейту. Бұлардан түскен қаржы қаланың көлік жүйесін дамытуға жұмсалады», — деді Б.Байбек.
Қала басшысы қолға алынатын бұл шараның қалада көлік қозғалысының барынша реттейтінін жеткізді. Алматының 2020 жылға дейінгі даму Бағдарламасында қолайлы қала қағидасы бар.
Ақылы көлік тұрағының аумағы 61 орыннан тұрады, ол күн батареясымен жұмыс істейтін заманауи жол белгілерімен, паркоматтармен жабдықталған. Көлік тұрағы бірыңғай орталықтан басқарылады, оның құрамына көлік тұрағы, көлік қозғалысын бақылау, автомобильдерді алып кету сияқты қызметтер енген.