Алматыда ХВҚ-ның аймақтық техникалық қолдау орталығы ашылады

58
Фото: express-k.kz

Алматы.  21 қазан. 7kun.kz  — ХВҚ басшылығы Орталық Азия, Кавказ және Моңғолия елдері үшін ХВҚ-ға техникалық қолдау көрсету бойынша болашақ өңірлік орталықты орналастыру үшін үміткер қалаларды қарау нәтижесінде Алматы қаласы таңдалғаны туралы мәлімдеді. Бұл туралы Ұлттық Банк хабарлады.

17-19 қазанда Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы Ерболат Досаев жұмыс сапарымен Вашингтонда болды.

АҚШ астанасында Ұлттық Банк басшысы Халықаралық Валюта Қорының, Дүниежүзілік Банктің, шетелдік орталық және инвестициялық банктердің басшыларымен бірқатар келіссөздер жүргізді.

Ерболат Досаев ХВҚ-ның жаңа басқарушы директоры Кристалина Георгиевамен кездесті, оның барысында тараптар Қазақстан экономикасы үшін қалыптасып отырған жаһандық макроэкономикалық ахуалға және әртүрлі ішкі және сыртқы факторлардың әсер етуі жағдайында сын-қатерлер мен мүмкіндіктерді талқылады.

Ұлттық банк төрағасы Кавказ және Орталық Азия елдерінің қаржы министрлері мен Орталық банк басқарушыларының алқалы пікірталасына қатысты.

Ерболат Досаев ЕҚДБ президенті Сума Чакрабартимен кездесу өткізіп, онымен Республиканың халықаралық даму институтымен ынтымақтастығының түрлі аспектілерін талқылады.

Сонымен қатар, Ерболат Досаев Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия бойынша вице-президенті Сирил Мюллермен кездесті. Келіссөздер барысында тараптар макроэкономикалық саясат тақырыптарын қозғады,экономиканы несиелендіруді арттыру мүмкіндіктерін, сондай-ақ ақша-кредит және фискалдық саясатты жетілдіру мәселелерін талқылады. Қазақстанның халықаралық қаржы корпорациясымен ынтымақтастығын Ұлттық банк басшысы осы ұйымның басшысы Ф. Ле Уэрмен талқылады.

ҚР Ұлттық Банкі басшысы Mastercard төрағасының орынбасары М. Фроманмен, VISA International мемлекеттік билік органдарымен өзара іс-қимыл жөніндегі аға вице-президенті Д. Марантиспен келіссөздер жүргізді.

Өз кезегінде Ұлттық банк басшысы J.P. Morgan Chase International басқарма төрағасы Я. Френкельмен Қазақстанда J. P. Morgan филиалын ашу мүмкіндігін талқылады.

Вашингтонда сондай-ақ Ерболат Досаевтың Англия Банкі төрағасының орынбасары С. Вудспен, Канада Банкі төрағасының бірінші орынбасары К. Уилкинспен, Citigroup Бас атқарушы директоры Д. Ливингстоунмен және Нью-Йорк университетінің экономика және құқық профессоры, Англия банкінің бұрынғы басшысы М. Кингпен кездесулері өтті.