Күлекбаевқа өлім жазасы тағайындалды

486
Сурет: tengrinews.kz

Алматы. 2 қараша. 7kun.kz  — Бүгін Алматыдағы  ЛА 155/18 Тергеу абақтысында Алматы қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ерлан Болатов Алматыда теракт ұйымдастырып, 10 адамның өмірін қиған Руслан Күлекбаевқа қатысты сот үкімін оқыды.

«Руслан Күлекбаев ҚР Қылмыстық кодексінің (ҚР ҚК) 255-бабы, 4-тармағы (лаңкестік акт), 99-бабы, 2-тармағы (екі немесе одан да көп адамды өлтіру), 24-бабының 3-тармағы (өлтіру үшін шабуыл жасау), 192-б. 4-т. (топ адамға қарақшылық шабуыл), 287-б. 4-т. (заңсыз қару тасымалдау), 288-б. 2-т. (қаруды заңсыз жасау), 291-б. 4-т. (қару ұрлау), 200-б. 4-т. (көлік ұрлау), 126-б. 2-т. (адамды заңсыз бас бостандығынан айыру) бойынша, 58 бабының 4-бөлігін басшылыққа алынып, өлім жазасы тағайындалсын», — деді судья Ерлан Болатов

Айта кетейік, 2003 жылы желтоқсанның 17-күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев елде өлім жазасына мораторий жариялау туралы жарлыққа қол қойған еді.

1998 жылғы қаңтар айының 1-нен бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінде бейбіт уақытта ерекше ауыр жағдайларда қасақана кісі өлтіргендерді өлім жазасына кесу көзделген. Ал әйелдер мен жасы әлі 18-ге толмаған қылмыскерлерге, сондай-ақ, сот үкімі шыққан кезде 65-жастан асып кеткендерге Қазақстанда өлім жазасы қолданылмайды.

Республика президентінің бастамасымен соңғы бір жарым жылдың ішінде Қазақстанда жүргізілген әлеуметтік сауалнамалар нәтижесі жұртшылықтың көпшілігі елде өлім жазасын алып тастауға әлі ерте деп санайтынын көрсетті, сол себептен де әзірге өлім жазасын біржолата алып тастау емес, ондай үкімдерді орындауды мерзімсіз уақытқа дейін тоқтата тұру туралы шешім қабылдаған.

Сонымен бірге, Қазақстан президенті әкімшілігі жетекшісінің орынбасары әрі мемлекеттік-құқық бөлімінің меңгерушісі Игорь Рогов егер елдегі қылмыстық ахуал тым ушығып кетсе, бұл жарлықтың күші жойылып, Қазақстанда өлім жазасы қайтадан қолданыла басталуы мүмкін екенін ескерткен.