Алматыдағы террорлық қауіптің қызыл деңгейі нені білдіреді?

1519
террорлық
Фото: Vlast.kz

Алматы. 18 шілде. 7kun.kz — 2016 жылдың 18 шілдесінде 12 сағат 20 минутта Астана уақыты бойынша Алматыда террорлық қауіптің қызыл деңгейі жарияланды. Алматы ІІД барлық қала тұрғындары мен қонақтарын осы деңгейге қатысты барлық талаптарды сақтауын өтінеді деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі. 

Терроризм актісі қатерінің туындауы туралы ақпарат мониторингінің және халықты хабардар етудің мемлекеттік жүйесінің ұйымдастырылуы мен жұмыс істеуі қағидаларын бекіту туралы ережеге сәйкес бүкіл аймақта немесе белгілі бір аумақта террорлық қауіптіліктің төмендегідей деңгейлері белгіленеді:

  • бірқалыпты («сары») – терроризм актісі (актілері) жасалуының нақты мүмкіндігі туралы растауды талап ететін ақпарат болған кезде;
  • жоғары («қызғылт сары») – терроризм актісі (актілері) жасалуының нақты мүмкіндігі туралы расталған ақпарат болған кезде;
  • шекті («қызыл») – жасалған терроризм актісі туралы ақпарат, сондай-ақ терроризм актісін (актілерін) қайталап жасау немесе террористік тұрғыдан осал объектілерге бір мезгілде террористік шабуылдар жасау мүмкіндігі туралы расталған ақпарат болған кезде белгіленуі мүмкін.

«Қызыл» деңгейлі қауіп орнаған кезде жеке заттары мен транспорт құралдарын тексеруге және қозғалысты уақытша шектеуге немесе тоқтатуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ осы деңгейде қауіпсіздік қызметкерлеріне еш кедергісіз тұрғын үйлерге және басқа да ғимараттарға кіре беруге рұқсат бар. Телекоммуникациялық жүйе каналдары арқылы берілетін ақпарат пен келіссөздерді бақылау тәрізді шаралар да қабылданады. Барлық арнайы қызметтің әскери дайындығы күшейтіліп, әуежайлар, теңіз порттары мен метрополитен обьектілерін, темір жолдар мен автобекеттерді арнайы құралдармен тексеру кезіндегі режимдердің қатаңдатылуы тәрізді шаралар жүргізіледі.