Алматыда жаңа зауыт салынды

жаңа зауыт
Фото: inform.kz

Алматы. 20 маусым. 7kun.kz – Алматыда ТМД бойынша баламасы жоқ жоғары технологиялық жаңа зауыт салынды, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жаңа кәсіпорында бұрғылайтын анкерлер, аса төзімді металл арқандар, тау және карьерде қолданылатын болат торлар шығаратын және техникалық параметрі жағынан өте құнды жабдықтар орнатылған. Зауыттың қуаты жоғары — жылына 17 мың тоннадан астам болат өнімдерін шығарады.

Инженерлік жүйелерді қорғайтын өнім шығаратын кәсіпорын «Tokyo Rope Manufacturing» трансұлттық корпорациясына тиесілі. Жапондық компания 130 жылдан астам бұрын құрылған және болат арқандарын шығаруда әлемдік жетекші кәсіпорын болып табылады. «Tokyo Rope» селге, тас, лай көшкіндеріне қарсы тұратын жабдықтар мен құрылғылар да шығарады. Жапон фирмасының болат арқандары әлемдегі 20 ірі көпірдің 12-сінің құрылысында қолданылған. Жапонияда шығатын әрбір төртінші автошинада Tokyo Rope өнімдері бар. Бұлардан өзге компания жедел лифтілер мен инженерлік қорғаныс өндірісі үшін жоғары сапалы арқандар шығарумен де танымал.

 Қала әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше,  Алматының индустриалды аймағында құрылыс, фармацевтика, химия, тамақ және жеңіл өнеркәсіп салалары бойынша  40-тан астам ірі отандық және шетелдік жобалар жүзеге асуда. Биылғы жылы 9 жаңа жоба енгізу жоспарланған.