Алматыда жаңа жол торабы пайда болады

жол
Фото: automag.kz

Алматы. 27 шілде. 7kun.kz — Алматы қаласында екі  жаңа жол торабы пайда болады. Бұл кептелісі көп көшелердегі көлік қозғалысын жеңілдетеді, деп хабарлайды Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі. Жол құрылысы 2017 жылы басталады.

Қаланың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ақпаратына сәйкес, жол құрылысы Рысқұлов даңғылы мен Емцов көшесі, Рысқұлов даңғылы мен Құлжа тасжолының қиылысында басталады. Қолға алынған жоба аясында осы жолдардағы жол қозғалысы орташа есеппен 18%-ға жеңілдейді. Сондай-ақ, Фурманов көшесінен Жансүгіров көшесіне дейін теміржолды басып өтетін жолдар салынады. Қосымша көлік дәлізі салыну барысында мегаполистің солтүстік аймағы орталықпен байланысып, қала орталығындағы көлік тығыздығы 20%-ға азаяды.

Айта кетейік, осы жылдың қыркүйек айында Рысқұлов және Сайын көшесі қиылысында салынып жатқан жол торабы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Солтүстік айналма жолы мен Бөкейханов көшесі қиылысында салынып жатқан жол торабы 2017 жылдың желтоқсан айында беріледі деп күтілуде.

2001 жылдан бері Алматы қалассында 300 млрд теңгеге 28 жол торабы салынған. Оның 20-сы айналма жол.