Алматыға әзербайжандық әуе компаниясының алғашқы рейсі ұшып келді

алғашқы
Фото: Aviationphotos.net

Алматы. 5 сәуір. 7kun.kz – Azerbaijan Airlines – AZAL әуекомпаниясының алғашқы рейсі Алматыға ұшып келді. Баку-Алматы-Баку тұрақты рейсі аптасына екі рет Airbus 319 және 320 лайнерінде орындалатын болады. Бұл туралы Алматы халықаралық әуежайы хабарлады.

«Гейдар Алиев халықаралық әуежайынан ұшу сейсенбі және сенбі күндері 20.00-де, жол жүру уақыты – 2 сағат 50 минут; Алматыдан ұшу сәрсенбі мен жексенбі күндері сағат 2.20-да, жол жүру уақыты — 3,5 сағат», — делінген хабарламада.

Айта кетейік, екі жаққа билет құны — 125 мың теңге. Ең төменгі тариф 23 кг жүк пен 10 кг қол жүгін алып жүруді қамтиды.

«Баку мен Алматы арасындағы жаңа тұрақты әуе қатынасының ашылуы екі ел арасындағы іскерлік ынтымақтастыққа және Қазақстан мен Әзербайжанда туризмді дамытуға оң әсерін тигізеді», — деді Алматы халықаралық әуежайының баспасөз қызметі.