Алматылықтар медициналық сақтандыру қорына 48 млрд теңге аударды

25
48
Фото: cnbc.com

Алматы. 11 желтоқсан. 7kun.kz — Алматы қаласында 1 млн 428 мың адамнан МӘМС-ға 48 млрд теңгеден астам қаражат аударылды. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ қалалық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

2017 жылдың 1 шілдесінен бастап 2019 жылдың 30 қарашасына дейін Медициналық сақтандыру қорына 233 млрд теңге түсті.

«Алматы қаласы, бұрынғысынша, аймақтар арасында төлемдер бойынша көшбасшы орынға ие – барлық қаражаттың бесінші бөлігі. Түсімдердің негізгі бөлігі немесе 45,5 млрд теңгеден астам қаражат, бұл жұмыс берушілердің аударымдары, ал 2,5 млрд теңге — азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер мен тұлғалардың жарналары», — деп атап өтті филиал директоры Тілеухан Әбілдаев.

Сондай-ақ, жыл басынан бері өзін-өзі жұмыспен қамтыған 5136 алматылық 17,6 млн теңгеге бірыңғай жиынтық төлемді төледі.

2019 жылғы қаңтардан бастап бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) енгізілді. БЖТ, әлеуметтік төлемдердің басқа түрлеріне қосымша, МӘМС төлемдерін де қамтиды, бұл оны төлеушілерге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуға мүмкіндік береді. Төлем ақша табу мақсатында қызметті жүзеге асыратын, қызметкерлердің еңбегін пайдаланбайтын, жұмыс жасамайтын немесе жеке тұлғаларға қызмет көрсететін адамдарға қолданылады. Төлем республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарында 1 АЕК және ауыл тұрғындары үшін 0,5 АЕК құрайды. Яғни, Алматы үшін — 2525 теңге.