Алматылықтардың мемлекеттік қызметті алуы жеңілдей түседі

50
байланыс

Алматы. 8 сәуір. 7kun.kz – Алматыда тұрғындармен жұмыс істейтін орталықтандырылған қалалық байланыс орталығы ашылады. Бүгін қала әкімі Бауыржан Байбек орталық орналасатын нысанмен танысты.

Орталықта азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беру үшін қаланың барлық басқармаларының, аудан әкімдіктерінің, апатты және коммуналдық қызметтердің байланысы бірыңғай нөмірге біріктіріледі.

Әкімдіктің электронды «Open Almaty» қоғамдық қабылдауында жаңа функциялар пайда болады, онлайн-қызмет алу үшін барлық қалалық сервистер біріктіріледі және аудан тұрғындары «Ашық бюджет» функциясы арқылы бюджет қаржысының бір бөлігін қалай жұмсауға болатындығы туралы өз ұсыныстарын айтып, дауыс бере алады. Сондай-ақ, қаланың видеобақылау камераларының интеграциясы және коммуналды көліктің GPS трекингі бойынша мониторинг жүргізудің бірыңғай жүйесі жасалады.

«Мемлекет басшысы жақында әкімдермен өткізген кеңесте тұрғындармен кері байланыс аясын кеңейтуді тапсырған еді. Біз сол міндетті орындауды жүйелі түрде қолға алдық, әлеуметтік желілердегі аккаунттар мен «Open Almaty» қоғамдық қабылдауынан өзге біз тұрғындармен тікелей жұмыс істейтін Бірыңғай байланыс-орталығын құрамыз. Енді қала тұрғындары түрлі нөмірлерді іздемейді, бір нөмір арқылы апатты қызметтен бастап, анықтамалық сипаты ақпараттарға қол жеткізе алады», — деп атап өтті Бауыржан Байбек.

Айта кетейік, жергілікті атқарушы органдардың ашықтығын арттыру және түрлі өмірлік жағдайлар кезінде қалалықтарға көмек көрсету мақсатында 2017 жылы әкімдіктің «Open Almaty» қоғамдық қабылдауы ашылған еді. Оған жүгінген әрбір адам тиісті кеңес алып, әкімдіктің, қала басқармаларының, прокуратураның, полицияның кіріс департаментінің және басқаларының атына өз өтінішін қалдырып отырды. Порталдан қала қызметтерінің жолдарды, арықтарды, жылу желілері мен аулаларды жөндеу жөніндегі жоспарларын көруге болады. Қазіргі кезде «Open Almaty» арқылы қала тұрғындарынан 109 мыңнан астам өтініш түскен, олардың 88%-ы бірнеше күн ішінде оң шешімдерін тапты.