Алматыны дамытуға 4 млрд теңге бөлінеді

даму

Алматы. 21 қазан. 7kun.kz — Алматылық кәсіпкерлерге 4 млрд теңге беріледі. Қала әкімі Бауыржан Байбек пен «Даму» қорының басшысы Қаныш Түлеушиннің қатысуымен өткен іскерлік кеңесте осындай меморандумға қол қойылды. 

Қаржы негізгі 3 бағдарлама бойынша бөлінеді, ал қаржыландыру әкімшілік пен «Даму» қорының арасындағы паритетті негізде жүзеге асады. Кәсіпкерлер қаржыны екінші деңгейлі банктер арқылы алады.

«Алматы туризм» бағдарламасы аясындағы қаржыландыру қаржысы — 2 млрд теңге, әкімшілік және қордан 1 млрд теңгеден бөлінеді. Несиелендіру мөлшерлемесі — 8,5%, 84 айға дейін беріледі. Бір кәсіпкерге берілетін максималды сома — 100 млн теңге.

«Алматы инновациясы» бағдарламасына бөлінген қаржы да осы шартта беріледі. Бірақ бөлінетін ақша — 1 млрд теңге, 500 млн теңге әкімшіліктен және 500 млн теңге «Даму» қорынан келеді.

Тағы 1 млрд теңге азық-түлік өндіретіндер үшін «Алматы өнім» бағдарламасы аясында беріледі. Несиелендіру мөлшерлемесі — 8,5%, 84 айға дейін беріледі. Бір кәсіпкерге берілетін максималды сома — 100 млн теңге.

Сондай-ақ Алматы әкімдігі әлеуметтік маңызы бар объектілердің құрылысы мен қайта жөндеуден өткізу үшін бірнеше меморандумға қол қойылды. Мысалы, «Масло-Дел» компаниясы Райымбек батыр және Сейфуллин даңғылдарының қиылысында аумағы 1800 шаршы метр болатын жаңа мұз аренасын салмақ. Құрылысы аяқталғаннан кейін мұзды сарайы хоккей және мәнерлеп сырғанау үшін пайдаланылады. «ҚР Теннис федерациясы» Әуезов ауданындағы Мамыр-1 ықшам ауданында аумағы 1 га болатын 8 теннис алаңдарын пайдалануға бермек.

«Даму» қорының мәліметі бойынша, Алматыдағы ШОБ (шағын және орта бизнес) кәсіпорындарының саны — 182 мың, бұл республикалық көрсеткіштің 15%-ы.