Алматының көліктік-логистикалық әлеуеті қандай?

141
Фото: abctv.kz

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде көліктік-логис­тикалық инфрақұрылымды дамыту, жұмыс орындарын құру және бизнеске мемлекет тарапынан айрықша қолдау көрсетуге басымды беріп келеді. Яғни, Еуразиялық және трансқазақстандық дәліздердің құрылуы, көлік инфрақұрылымына қомақты инвестиция тартылғаны – ел экономикасына ауқымды үлес қосып отыр.

Елімізде қазіргі таңда негізгі мақсат кезең-кезеңімен жаңа технологияларды енгізіп, сыртқы және ішкі көліктік-логистикалық орталықтар арасындағы тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз етіп, мультимодальды тасымалдарды жүзеге асыру болып табылады. Сонымен қатар оны тиімді басқару, тасымалдау жылдамдығын арттыру, жоғары сапалы логистикалық қызметтерді ұсыну және одан мемлекетке түсетін табысты ұлғайту түсу басты мақсат. Оның ішінде, жаңа Еуразиялық инфрақұрылымды дамыту бағытына баса көңіл аударып, 2020 жылға қарай транзиттік тасымалдаудың жылдық мөлшерін ұлғайтуды Үкіметке тапсырған болатын. Онда контейнермен тасымалданатын жүк көлемі 2 миллион контейнерге дейін, жолаушыларды әуекөлігімен тасымалдауды 1,6 млн транзиттік жолаушыға дейін және алдағы уақытта 2020 жылы Қазақстан транзиттен түсетін пайданы 5 млрд долларға жеткізуді жоспарлап отыр. Яғни, көлік логистикасы Қазақстан экономикасындағы тұрақты, тәуелсіз дамитын сала болмақ.

Еліміздің көліктік-логистика саласына серпін беріп отырған қала – Алматы. Бүгінде шаһар Қазақстанның ірі экономикалық орталығына айналды. Бүгінгі күннің өзінде еліміздің көлемінде Алматы елдегі ЖІӨ 20,9%-ын, барлық салық және салықтық емес түсімнің 32%-ын, барлық сауда операцияларының 41%-ын, еліміздегі жұмыс жасайтын халықтың шамамен 15%-ын жұмыспен қамтамасыз етеді. Қаланың үлесіне бөлшек және көтерме сауда тауар айналымының барлық депозиттер көлемі мен несиелерінің 40% тиесілі. Белгіленген мақсаттарға қол жеткізудің құралы еліміздің стратегиялық және бағдарламалық құжаттарына сәйкес әзірленген «Алматы – 2020» бесжылдық даму бағдарламасы болып табылады.

Алматы қаласының көліктік-логистикалық инфрақұрылымы да ойдағыдай дамуда. Бұл теміржол, әуе қатынасы, көлік дәлізі арқылы жүзеге асуда. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Елбасының еліміздегі көлік инфрақұрылымын дамыту жө­ніндегі тапсырмасын басшылыққа ала отырып, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Алматы – Шу» теміржолының екінші желісінің құрылысы бойынша жобаны жүзеге асырды. «Алматы – Шу» теміржол учаскесі Қазақстан көліктік жүйесінің аса маңызды бөлігі. Осы учаскеде атқарылған жұмыстар тран­сқазақстандық көліктік бағыттарды дамыту­дың тың мүмкіндіктеріне жол ашып, пойыздар қозғалысын жеделдетеді және ел аймақтары арасындағы коммуникациялық байланыстарды барынша кеңейтеді. Сонымен бірге, Еуропа мен Азия арасындағы трансқұрлықтық тасымалды арттырады. Сондай-ақ инфрақұрылымдар құрылысы мен оларды жетілдіру жүктерді жеткізу мерзімін айтарлықтай қысқартпақ.

Екінші жолдың ұзындығы – 113 шақырым. Құрылыс жұмыстары 2015 жылы басталған болатын. Осы уақыт аралығында 38,1 миллиард теңге игерілді. Жобаны жүзеге асыру барысында 16 станса жаңғыртылып, 13 көпір мен өтпежолдар жасалып, 156 шақырым электр желісі тартылыпты. Жаңа тармақтың іске қосылуы, көліктік желідегі аса маңызды бөліктің өткізу мүмкіндігін төрт есеге арттырады. Нақтырақ айтқанда, аталған учаске арқылы тәулігіне 110 пойыз немесе алты мың вагон өте алатын болды.

Соңғы 9 жылда Қазақстан көлік инфрақұры­лымын дамытуға 26 млрд доллар жұмсады. Бұл – мемлекеттік және шетелдік инвестициялар және жеке инвестициялар. Осы уақыт аралығында 1700 шақырымнан астам теміржол, 3200 көлік жолы салынды, әрі Каспийдегі порттардың жүк қабылдау қуаты арттырылды және Қазақстанның 15 әуежайы күрделі жөндеуден өткізілді. Сондықтан аталған салалар тұрақты түрде дамуда.

Сондай-ақ Қазақстанның әуе кеңістігі арқылы жолаушылардың транзиттік тасымалы да пайда әкелетінін айтып өткен жөн. Бұл қатарда Алматы әуежайының септігі мол. Соңғы бес жылда аталған көрсеткіш төрт есеге өскен. 2012 жылы Қазақстан территориясы арқылы ұшып өтетін жолаушылардың саны 120 мың адам болса, 2016 жылда олардың саны 478 мың адамға артты. 2017 жылы жолаушылардың транзиттік тасымалы 600 мың адамға жетті деген болжам бар. Ал осы тасымалдан түскен табыстың көлемі 267 млрд теңгені құраған.

Көлік-логистикалық қызметті дамыту елдің экономикасын ілгерілетудің басым бағыты. Темір жол арқылы жүк тасымалы халықаралық сауда нарығына шығатын мүмкіндікті арттыра түспек. Сондай-ақ, келешекте ақылы жолдарды ен­гізудің арқасында Қазақстан арқылы өтетін жүк­терден де табыс түседі. Оның жалпы көлемі 18 млн долларға дейін жетуі тиіс.
Сарапшылардың талдамы бойынша темір­жол­мен тасымалдаудың уақыт жағынан артық­шылықтары бар, алайда қызмет құны тым жо­ғары.

Бүгінгі таңда Қазақстан экспорттаушы ел­дердің ішінде 52-ші орынға ие. Қазақстан алғаш рет электровоздарды, тепловоздарды Түрік­менстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Қыр­ғызстан, Украина елдеріне экспорттады. Қазақстан­да жиналған автокөліктер Тәжікстанға, Өзбекстанға, Қырғызстанға, Қытайға экспортталады. Жолаушылар вагондары, рельстер мен қазақ­стандық әскери-өнеркәсіп кешенінің өнім­дерін экспортқа шығару бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Қазақстан Республикасының автомобиль жолдарында алты негізгі бағыт – автокөлік дәліздері қалыптасқан:

Ташкент – Шымкент – Тараз – Бішкек – Алматы – Қорғас;

Шымкент – Қызылорда – Ақтөбе – Орал

Самара;

Алматы – Қарағанды – Астана – Петропавл;

Астрахань – Атырау – Ақтау – Түрікменстан шекарасы;

Омск – Павлодар – Семей – Майқапшағай;

Астана – Қостанай – Челябинск – Екатеринбург.

Қазақстанның транзиттік және экспорттық әлеуетін іске асыру, сондай-ақ экономикалық өсуді қолдау көлік-логистика жүйесінің халықаралық түйінді көлік дәліздеріне жоғары ықпалдасуын, оның ішінде жүк ағындарын бөлуге ықпал ету үшін тасымалдың жоғары жылдамдығын, мерзімділігін, қолжетімділігін және сенімділігін, сондай-ақ көлік қызметтерін пайдалану жайлылығын талап етеді.

Келешекте көліктік-логистикалық орталықтары Алматы қаласында жоспарланған терминал құрылысымен бірге аймақтың көліктік-логистикалық қызметінің ортақ жүйесін қалыптастырады. Еліміздің   территориясында   «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» жобасы аясында еліміздің Оңтүстік көлік дәлізінің «Достық – Алматы» және «Қорғас – Алматы» бағытында халықаралық көліктік-коммуникациялық бөлігі даму алады. «Көлік логистикасы» кластерін қалыптастыру аясында Алматы қаласында көліктік-логистикалық кешендер құрылды. Көлік-логистикалық орталықты қажетті іріктеу паркі мен техникалық жабдықтары бар, стандартты қызмет кешенін ұсынатын (қосымша құны қосылған жүкті тиеу-түсіру жұмыстарын орындау, контейнерлеу, орап-түптеу/паллетирлеу және т.б. қызметтер, кедендік,  карантин-  дік және басқа процедуралардан өту бойынша мемлекеттік органдардың барлық талаптарын орындау) интермодальды көлік-логистикалық кешені ретінде, өткізілетін жүктер бойынша логистикалық функцияны орындайтын және түрлі көлік түрлерінің өзара іс-әрекетін және үйлестіруін қамтамасыз ететін сауда желілерінің көлік-логистикалық қызмет көрсету орталығының функциясын орындайтын, көлік торабтарында орналасқан көпфункционалды терминал кешені ретінде қолдану жоспарланады.

Терминалдың басты мамандануы контейнерлік операциялар болып табылады, бұл үшін ол жеке темір жол станциясына немесе темір жол станциясына жалғасатын сорттау-жинақтау паркіне ие болу керек, сонымен бірге вагондарда жүктерді сақтау үшін. Сонымен бірге терминалдың тағы бір қызметі – Алматы қаласы орталығы болатын Оңтүстік аймақтың негізгі кластерінің кәсіпорындарына және сауда желілеріне қызмет көрсететін логистикалық және дистрибьютерлік орталық. Біріншіден, оның құрылуы қала көшелерін, Алматы трассасын және санаторлы-курорттық зонасын жүк көліктерден азайтады, қаланы қойма ғимараттарынан босатады, тауарлардың өзіндік құнының төмендеуіне мүмкіндік береді және қалаға кіру жолдарында үлкен жүкті контейнерлер ағымы тоқтайды. Басқаша айтқанда, болашақтағы кешеннің негізгі функциялары – үлестіруші, жинақтаушы, жүк тиейтін және қалалық сауда желілеріне логистикалық қызмет көрсету болып табылады.

Алматы аймағының көліктік-логистикалық кешенінің жағдайын талдау нәтижелері көліклогистикалық инфрақұрылымның үздіксіз қайта жаңғыруы жүзеге асырылмауын, ресурстардың оптимизациясының жоқтығын, аймақтағы логистикалық қызмет сапасының қажетті деңгейде қамтамасыз етілмеуін көрсетті. Көлік-логистикалық кластерді дамытудың мүмкін варианттарынан ең тиімдісі болып халықаралық көлік дәліздерінің аясында қызмет жасайтын, ұлттық макрологистикалық жүйеге және трансұлттық логистикалық жүйеге интегрирленген аймақтық логистикалық жүйені қалыптастыру табылады.

Алматы қаласының сыртында қызмет көрсетіп тұрған көлік-логистикалық орталықтар – қойма кешендері (ИКаР, Первомай, Тау-Терминал, CALM, USKO логистикалық парктері) бар. Қызмет көрсету деңгейін көтеру үшін толықтай қазақстандық және жекелей аймақтық терминалды-көліктік технологияларды көлік ағымын басқарудың ортақ жалпы әлемдік жүйеге сәйкес келтіру керек. Қойылған міндеттерге қол жеткізудің ең тиімді тәсілі логистикалық үлестіру орталықтарын ұйымдастыру болып табылады.

Кластер   қызметіндегі   басты  басымдылық «ҚТЖ» ҰК АҚ филиалы – Алматы теміржолы,«Алматы халықаралық әуежайы» АҚ компанияларына, автокөлік және логистикалық компанияларға беріледі. Мамандардың болжамы бойынша 2010 жылдың соңында қызмет көрсетіп тұрған терминалдар кешенінің қуаттылығын есепке ала отырып, жалпы тасымалдау көлемі 110,0 млн тоннаны құрады. 2020 жылда Алматы облысының жүк айналымы 2-2,3 есе көбейеді. Тасымалданатын жолаушылар саны біршамаға өседі – 1,3-1,5 есе және жолаушылар айналымы – 1,5-1,8 есе.

Оңтүстік аймақ территориясындағы көліктік-логистикалық қызмет нарығына жүргізген маркетингтік зерттеулер оның интенсивті қалыптасу және даму кезеңінде тұрғанын көрсетті. Елімізде қабылданған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы мен Ұлт жоспары – 100 нақты қадам Қазақстанның транзитті-көлік әлеуетін дамыту бағдарын айқындап, Қазақстан аумағында көлік-логистикалық хабты құруға және Еуразияның халықаралық көлік-коммуникациялық ағынында еліміздің біріктірілуін мақсат етеді.