Қалыңмалға жылына 5 миллиард теңге жұмсалады

443

2014 жылы қазақтар қалыңмал үшін 5 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсаған. Бұл туралы National Business интернет-журналы жазады.

Басылымның мәліметінше, төменгі табыс табатын отбасылар қалыңдық үшін 50 мыңнан 100 мың теңгеге дейін береді. Орташа табысқа ие ата-аналар қалыңмалға 1-3 мың доллар, ал дәулетті отбасылар 5 мың доллардан жоғары төлейді. Қалыңмалдың сомасы болашақ келіннің біліміне, тәрбиесіне және шыққан тегіне байланысты болады.

Дәстүрлі қалыңмалдан бөлек ана сүті және өлі – тірі де төленеді. Алғашқысы қыздың анасына берілген сый болса, соңғысы қалыңдықтың отбасы мен туыстары үшін жіберіледі.

Қазақстанның 65 пайызға жуығы – қазақтар. 2014 жылы олар 103 563 мың той өткізген (2014 жылы барлығы 159 328 неке қиылған, бір жыл бұрынға қарағанда 5,4 пайыз аз). Келінге берілген қалыңмалды 50 мың теңге деп есептегенде, қалымның жылдық айналымы 5 млрд теңгені құрайды. Дегенмен де, негізгі “мөлшерлеме” 1 мың доллар екендігін ескергенде, аталған соманы 3-ке ұлғайтуға болады.

Көрімдік дәстүрінің де өзіндік қаржы нарығы бар. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы кафедра меңгерушісі, тарих ғылымының докторы, профессор Әбдеш Төлеубаевтың сөзінше, көрімдік – көз тимесін деп беретін қаржылай өтемақы. Мысалғы, бүгінде жаңа туылған сәбиге орта есеппен 2-5 мың теңге (балаға қажет затын сатып алуға болатын сома) беріледі. 2014 жылы 302 466 қазақ туылған. Егер олардың әрқайсысына кем дегенде 2 қонақ көрімдік бергенде, бұл дәстүрдің жылдық айналымы 2,1 млрд теңгені құрайды.