Қандай банкноттар төлемге жарамсыз болып саналады?

1099
банкноттар
Фото: time.kz

Көп жағдайда дүкенге барғанда немесе таксиге отырғанда кейбіреулер сәл жыртылған ақшаларды жарамсыз деп қабылдамай жатады. Бірақ бұл қаншалықты дұрыс? Қазақстанда қандай банкноталар жарамды және жарамсыз болып саналады?

Гүлжанат Сабырбай, WhatsApр арқылы жолданды

Қайырлы күн, Гүлжанат! Сіздің сұрағыңызға қатысты ҚР Ұлттық банкінің жарамсыз және жарамды купюралар жөнінде арнайы бекіткен қаулысы бар.

ҚР Ұлттық Банкінің қаулысына сай мынадай бүлінулері бар банкноттар төлемге жарамсыз болып саналады: 1) бөлшектеліп жыртылған және желімделген; 2) бастапқы түсін жоғалтқан немесе оңып кеткен; 3) жанған немесе күйдірілген; 4) тұтас немесе едәуір дәрежеде (50 пайыздан астамы) бояу, сия, май төгілген; 5) химиялық реактивтердің, оның ішінде ультракүлгін сәуле түсіргенде қағаздың жалтырауына әкеп соғатын реактивтердің әсеріне ұшыраған; 6) қасақана сипаттағы едәуір бүлінген: негізгі суреттері, атап айтқанда, адамдардың суреттері өзгерген, қорғаныш жібі жойылған, едәуір жазбалардың болуы, оның ішінде ультракүлгін сәуле түсіргенде көрінетін; 7) баспадан кеткен анық ақауы бар: бейнелердің басылмауы немесе бұлыңғыр болуы, сутамғы белгілердің немесе қорғаныш жіптің болмауы немесе дұрыс орналаспауы; 8) геометриялық өлшемдердің азаюы жағына, сол сияқты ұлғаюы жағына үш миллиметрден артық өзгеруі.

Ал айналысқа жарамды банкнот түрлері мыналар: 1) қырылған және ласталған; 2) желімделген жыртық бұрыштары немесе бөлігі бар, көлемі 1-2 шаршы сантиметрден аспайтын, егер жыртылған бөліктері сөзсіз осы банкноттікі болса; 3) желімделген жыртықтары бар, егер олар банкнот енінің немесе ұзындығының 1/4 бөлігінен аспаса; 4) ұсақ майлы және басқа дақтары, жазбалар және мөртабандардың таңбасы бар (банкноттың өтелгені туралы немесе түпнұсқа емес немесе үлгі болып табылатыны туралы растайтын мөртабандардан басқа), егер олар банкноттардың түпнұсқалығын айқындауға кедергі жасамаса және осы түпнұсқалықты растайтын белгілерінің бірінің 50%-дан астамын жаппаса; 5) диаметрі 0,5 миллиметрден аспайтын тесіктері бар банкноттар айналысқа жарамды болып танылады.


Құрметті оқырман! Егер банктерге қатысты (несие, проблемалық несие, несие картасы, депозит, банктер туралы жалпы банк, қаржы саласына қатысты) сұрақтарыңыз болса, бізге жолдаңыз, біз банк мамандарын қатыстыра отырып, жауап береміз. Үлкен мәселе болса Журналистік зерттеу жүргізуге дайынбыз. Сұрақтарыңызды info@7kun.kz почтасына немесе WhatsApp арқылы +7 775 476 6145 телефонын нөміріне жолдауды сұраймыз.