Алматы. 10 шілде. 7kun.kz — Киберкеңістіктегі оқиғалар америкалық ұйымдардың 2018 жылы 45 млрд доллар көлеміндегі қаржылық шығындарына алып келді. Бұл туралы Online Trust Alliance (OTA) есебінде көрсетілген.
Құжатқа сәйкес, құпия ақпараттың ұрлануы, оның ішінде электрондық поштадан, сондай-ақ қорқытушылық кибершабуылдары және басқа деректердің таралып кетуі сияқты жағдайлар туралы сөз болып отыр.
«OTA бағалауы бойынша, 2018 жылы 2 млн-нан астам кибероқиға тіркелген, жалпы, бұл сан тым аз және нақты проблема жете бағаланбаған», — деп атап көрсетілген есепте.
Америкалық The Hill басылымы соңғы уақытта киберқеңістіктегі оқыс оқиғалар саны жылдам өскенін хабарлайды.
«Кибероқиғалардың саны мен олардың қаржылық әсері біз бұған дейінгі көргеннен әлдеқайда көп», — деді OTA техникалық директоры Джефф Уилбар.
Сондай-ақ, есепте ақпараттың таралып кетуінің 95%-ын қауіпсіздік және деректердің құпиялылығын қорғау саласында ұйым қызметкерлерін оқыту сияқты қауіпсіздікті күшейтудің қарапайым тәсілдері арқылы болдырмауға болатынын атап өтті.