АҚШ соты Қазақстанның үстінен берген талап-арызды негізсіз деп тапты

соты
Фото: presencia.mx

Алматы. 13 мамыр. 7kun.kz – Колумбия округтік соты бірнеше америкалық компанияның Қазақстанға қарсы түсірген талап-арызын қабылдамады, — деп хабарлайды Әділет министрлігінің баспасөз қызметі.

Turan Petroleum, Inc., Energyfund, Inc. және Trustees for Trek Resources, Inc. Компаниялары ҚР энергетика министрлігіне қарсы 180 млн доллардан асатын соманы өндіруге талап-арыз берген болатын.

Олар Арыс және Арал мұнай-газ кен орындарын игеру және пайдалану туралы концессиялық келісімшарттар талаптары бұзылған деген айып таққан. Сондай-ақ АҚШ пен Қазақстан арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім бойынша талапкерлердің құқықтары  бұзылған, фидуциарлық міндеттер орындалмаған, әділетсіз түрде пайда табылған, фактілерді бұрмалау және немқұрайлылық орын алған деп арызданған.

Сот бұл істі АҚШ-тың «Шетелдік тәуелсіз иммунитеттер туралы» заңын негізге ала отырып, юрисдикция болмағандықтан қарауына қабыл алмады.

«Колумбия округтік сотының 2019 жылы 26 сәуірдегі шешімі Қазақстанның осы дауға қатысты ұстанымының дұрыстығын толықтай растады және Қазақстан аумағында шетелдік инвесторларды жан-жақты қолдау бойынша елдің жүргізіп отырған саясатымен үйлеседі», – делінген министрліктің хабарламасында.