Ақышев: Ұлттық Банктің негізгі мақсаты – инфляцияны 4-6% дәлізде ұстап тұру

56
дәлізде
Фото: 24.kz

Алматы. 31 қазан. 7kun.kz – Қазақстан Ұлттық банкінің 2019 жылға арналған негізгі мақсаты инфляцияны 4-6% дәлізде ұстап тұру болады. Бұл туралы ҰБ төрағасы Данияр Ақышев ҚР парламенті мәжілісіндегі отырыста  баяндады, — деп хабарлайды бас банктің баспасөз қызметі.

Ұлттық банк басшысы инфляциялық процестерді реттеу үшін басым түрде ақша-кредит саясатының пайыздық арнасы қолданылатынын атап өтті. Бұл Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі негізгі құрал болып табылатынын білдіреді, ол мөлшерлеме ақша нарығындағы мөлшерлемелер дәлізін айқындайтын болады. Ұлттық банк елде қалыптасып отырған және күтілетін инфляция мөлшеріне, сондай-ақ төлем балансының жай-күйін айқындайтын сыртқы факторларға байланысты мөлшерлеме көлемін белгілейтін болады.

«2018 жылғы 9 айда инфляция 3,3% болды. 2018 жылғы қыркүйекте жылдық инфляция өткен жылдың соңындағы 7,1%-бен салыстырғанда 6,1%-ға дейін төмендеді. Инфляцияның өсу тәуекелдерін төмендету үшін 15 қазанда базалық мөлшерлеме 9%-дан 9,25%-ға дейін ұлғайтылды. Базалық мөлшерлеменің жаңа деңгейі теңгемен активтерге сұранысты арттыруға және қолайлы ақша-кредит талаптарын сақтауға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Данияр Ақышев.

Оның айтуынша, банкі шекаралар, дәліз немесе басқа бағдарлар белгілеместен, өзгермелі айырбастау бағамының режимін сақтайды.

«Айырбастау бағамы негізінен елдің төлем балансына байланысты ахуалға қарай, яғни ел нарығына шетел валютасының әкелуі мен әкетілу балансының әсерімен қалыптасады деп санаймыз. Бұл сыртқы күйзелістерді барынша азайтуға және біздің экономикамыздың бәсекеге қабілеттілік көрсеткіштерін тез арада түзетуге мүмкіндік береді», — деп түсіндірді  бас банк төрағасы.

Данияр Ақышев бастапқы деректер бойынша 2018 жылғы 9 ай ішінде Қазақстанның төлем балансының айтарлықтай жақсаруы орын алғанын да атап өтті.

«Біз жуырдағы жылдары ағымдағы шот тапшылығының мөлшерін азайту үрдісінің сақталуын күтеміз, ол ұлттық валютаның бағамы үшін теріс факторларды барынша азайтуды болжайды. Айырбастау бағамы үшін қысқа уақыттағы тәуекелдер әлемдік қаржы нарықтарындағы белгісіздік және негізгі сауда әріптестерінің елдері валюталарының бағамдары бойынша ахуалдың нашарлауы болып табылады», — деп хабарлады ол.