Қарағандыда күн батареясымен жұмыс істейтін экокеме құрастырылып жатыр

экокеме
Фото: 24.kz

Алматы. 29- қаңтар. 7kun.kz — Қарағандыда күн батареясымен жұмыс істейтін экокеме құрастырылып жатыр, деп мәлімдеді 24.kz.

Қарағандыда жылына 100-ге жуық қайық пен шағын кеме құрастыратын кәсіпорын бар. Бұл – әзірге елімізде осы саладағы жалғыз өндіріс орны. Қазір кәсіпорын еліміздің құтқару саласын осы құрал түрімен қамтып отыр. Өндірісте қайықтың 15 түрі шығарылады.

«Мысалы, сүңгушілердің іздеу жұмыстары барысында олардың суға қауіпсіз түсіп, қайта шығуына арнайы сатылары бар қайықтар қажет, ал су тасқыны кезінде ауыр жүкті көтере алатын кемелер қажет. Үреленетін қайықтар шайқалып, немесе судың астында қалған темір терсекке ілініп кетіп, жыртылуы мүмкін”, — кәсіпорын директоры Павел Дворянчиков.

Бүгінде қазақстандық құтқарушылар қарағандылық қайықтардың 250-ге жуығын пайдаланып отыр. Кәсіпорын олардың 15 түрін шығарады. Су тасқынында қолданатын 100 келілік қайықтар жарты тонна жүкті еш қиындықсыз тасымалдайды. Мұндай қайықты кәсіпорын жұмысшылары бір аптада жинап шығарады.

Қазір мұнда экскурсияға арналған экокеме құрастырылып жатыр. Экологиялық таза кеме күн батареясымен жұмыс істейтін болады. Келешекте кәсіпорын отандық өнімді ТМД елдеріне экспорттауды жоспарлап отыр.

Қания Табыс