«Аралтұз» АҚ 2017 жылы 332 600 тонна өнім өндірді

388
Аралтұз
Фото: 24.kz

Алматы. 30 наурыз. 7kun.kz — Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың Қызылорда облысына жасаған ресми сапары аясында облыстағы «Аралтұз» АҚ-ның жұмысымен танысты. 

Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында «Аралтұз» компаниясы ас және техникалық тұзды өндіру бойынша екі испан цехын іске қосты. Бірінші цех еуропалық технология бойынша жұмыс істейді және йод қоспалары бар ас тұзының тоғыз түрін шығарады. 2016 жылы техникалық тұз өндірісін кеңейту мақсатында екінші испан желісі — полимерлік цех сатып алынды. Зауытты қайта құру еңбек өнімділігін екі есеге арттыруға және жұмыс орындарымен 1200-ден астам адамды қамтамасыз етуге, жұмысшылардың жалақысын 60 пайызға арттыруға мүмкіндік берді. Өндіріс және өткізу көлемі үш есеге жуық өсті, ал экспорттық өнім үлесі 65 пайызға жетті.

2017 жылы «Аралтұз» АҚ 3,5 млрд теңгеге 332 600 тонна өнім өндірді. Өткен жылы экспорт көлемі 212 600 тоннаны құрады. Биылғы жылдың қаңтар–ақпан айларында өндіріс көлемі 58 200 тонна (637 млн теңге), экспорт 44 400 тонна (981,2 млн теңге) құрады.