Қаржы ұйымының бала алиментін ұстап қалуы заңды ма?

алимент
Фото: аltaynews.kz

Сәлеметсіз бе! Мен 2 жыл бұрын оқуға түсуіме ақша керек болған соң белгілі бір банктен (белгілі себептермен банк атауы көрсетілмейді) несие картасы бойынша 120 000 теңге алған едім. 2 жыл төлесемде әлі азаяр емес. Ақшаны терминалдан шешіп алған кезде шарт жасалған жоқ. 21.02.2016 жылы банктен көшірме анықтама алғанымда қалған сома 156 057 теңге деп берді. 2015 жылдың қазан айында жұмыссыз қалдым. 2016 жылы сәуір айынан бастап қызыма түсетін ай сайынғы алименттен ұстап отырды. Енді осы жылдың қазан айында алиментті толық ұстап қалды. Банкке хабарлассам енді сіздің несиеңізді Ұлттық коллекторлық компания қарайды деп жауап берді. Баланың алиментін толық ұстап қалу заңды ма?

Лиза Мұсаева, әлеуметтік желі арқылы жолданды

Лиза, осы карталық кредит алу арқылы сізбен банктің арасында қарыз алу шарты жария түрде жасалған болып есептеледі. Осы шарттың талаптарына сәйкес сізге банк несиені белгісіз мерзімге, ай сайынғы тек пайыз төлемдерін жасау шартымен берген, яғни сіз тек қана ай сайын пайыз төлейсіз, негізгі қарыз одан кемімейді, тіпті отыз жыл төлесеңізде. Бұл жағдайда сізге банктен қанша негізгі қарыз, пайыз қалғанын біліп соның барлығын бір төлеммен жабуыңыз керек. Тек сонда ғана қарызыңыз толығымен жабылады. Ондай жағдайда сіз банктен қарызы жоқ деген анықтама алып алғаныңыз жөн болады.

Ал егер сіздің бұл қарызды толық жабатын шамаңыз келмесе, онда біздің сізге беретін кеңесіміз ай сайынғы төлемдеріңізді тоқтатыңыз. Себебі бөліп төленген төлемдеріңіз тек айыппұлдарды (пенья), пайыздарды жабуға кетеді, негізгі қарызыңыз қала береді. Бұл сізге мүлдем тиімсіз. Банктің немесе коллекторлық ұйымның қорқытуларыннан қорықпаңыз.

Банктің алименттен кредит бойынша ұстамдар жасап жатқандықтары заңды өрескел бұзу болып табылады. Осы уақытқа дейінгі заңсыз ұсталған ақшаңызды сот арқылы қайтарып алсаңыз болады. Сізге тез арада алимент түсетін банкке барып арнайы шот аштырту керек, алиментті арнайы шот арқылы алған жағдайда, ешкім оған қол сұға алмайды, себебі Қазақстан Республикасында алимент жан-жақты Заң тұрғысынан қорғауға алынған.

Ал несиеңізге қатысты айтарымыз, несие бойынша сізді сотқа беруінен мүлдем қорықпаңыз, тіпті сотқа бергені керекте. Сотқа берген жағдайда банктің үстеме пайыздары мен айыппұлдары тоқталтылып, сот сіз төлейтін нақты сомманы бекітіп береді, ал қазіргі таңда ол сомма нақты емес, әр қашан өсіп отырады. Сот шешімімен бекітілген ақша көлемін банкте коллекторлық ұйым да көбейте алмайды. Ендігі кезекте соттың шешімін өзіңіз ай сайын айлығыңыз жартысын төлеп тұрасыз немесе сот орындаушы сіздің бухгалтерияңыз арқылы жалақыңыздың жартысын өндіріп отырады.

Егерде сіздің кәмелетке толмаған балдарыңыз болса, ондай жағдайда ай сайынғы сот шешімімен ұсталынатын ақша соммасын азайтуға болады, әрине заңгердің көмегімен.

Басқа да түсінбеген сұрақтарыңызбен жұмыс күндері осы телефон арқылы хабарласа аласыз:8 701 887 55 81

Сұраққа жауап берген «Заң Ақиқат» заңгерлік компаниясының заңгері — Жанат Маликбаевич Бутинбаев.


Құрметті оқырман! Егер банктерге қатысты (несие, проблемалық несие, несие картасы, депозит, банктер туралы жалпы банк, қаржы саласына қатысты) сұрақтарыңыз болса, бізге жолдаңыз, біз банк мамандарын қатыстыра отырып, жауап береміз. Үлкен мәселе болса Журналистік зерттеу жүргізуге дайынбыз. Сұрақтарыңызды info@7kun.kz почтасына немесе WhatsApp арқылы +7 700 973 8377 телефон нөміріне жолдауды сұраймыз.