Қаржы орталығы рейтингінде Алматы Мәскеуден озды

Сурет: avtorazborka.kz

Лондон. 27 қыркүйек. 7kun.kz — Қазақстанның оңтүстік астанасы әлемдегі ірі қаржы орталықтарының рейтингінде 6 айда жеті саты жоғарылап, 70-орынды иемденді. Бұл туралы консалтингтік Z/Yen Group қаржы компаниясы алты ай сайын жариялайтын Global Financial Centres Index (GFCI) индексінде белгілі болды.

Осылайша, Алматы тізімде 17 саты төмен түскен 84-орындағы Мәскеуді де, 85-орындағы Санкт-Петербургті де артқа тастады.

Халықаралық қаржы орталықтарының индексі алғаш рет 2007 жылы жарияланған. Рейтинг жартыжылдық сайын 3 мыңнан астам кәсіби маманның жауабына сәйкес жасалады. Жасау барысында өмір сүру құны, кеңсе алаңдары, интернеттің сапасы, көлік инфрақұрылымы, жемқорлық деңгейі мен саяси тұрақтылық секілді факторлар есепке алынады. Одан бөлек, өмір сүру деңгейі, инфляция, шетелдік инвестиция мен сатылатын акциялар, салық көлемі де әсер етеді. Жалпы, агенттік жүзден аса қаланы зерттеген.

Айта кетейік, рейтингте 1-орында Лондон, одан кейін Нью-Йорк тұр. Үштікті Сингапур аяқтаса, 4-орында Ганконг болса, одан кейінгі орынды Токио иемденді.