«Астанақалаархитектурасы» мекемесінің бұрынғы баспасөз хатшысы 2,5 жылға сотталуы мүмкін

2291

Астана. 4 тамыз. 7kun.kz — «Астанақалаархитектурасы» ЖШС-нің бұрынғы баспасөз хатшысы Құнанбай Төлеуов 2,5 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ол «Артем» СҮ жанындағы төбелес туралы жалған ақпарат таратты деп күдіктеліп отыр.

Бүгін өткен сот барысында Алматы ауданы прокурорының көмекшісі Бағлан Қаратаев 16 маусым күні Төлеуовтың масаң күйінде «Артем» сауда үйінің маңындағы төбелестің куәсі бола отырып, Facebook әлеуметтік желісіне жалған ақпарат таратқанын айтты.

Бірнеше жазба жазған ол алдымен сауда үйінде өрт болғанын, артынша ІІМ арнайы жасағы келіп, көз ашытатын газ шашып, резеңке оқпен атқанын, полициямен мас құрлысшылардың төбелескені мен белінде жарылғыш зат бар әйел туралы жазған. Сот барысында Төлеуов өз кінәсін мойындаған.

Бұған дейін сотталған 51 жастағы Құнанбай Төлеуов 1 шілдеден бері қамауда отыр. Аталған қылмысқа күдікті деп танылған соң оны «Астанақалаархитектурасы» ЖШС жұмыстан шығарған.

Еске сала кетейік, 16 маусым күні «Артем» СҮ маңында Лаура Баймулдинова есімді қала тұрғыны мен қауіпсіздік қызметі арасында жанжал туған. Аталған азаматша үш кішкентай баласымен сауда үйіне кіріп, қайыр сұрамақ болған. Полиция оқиға орнында 18 адамды ұстаған еді. Олардың екеуі жақында 2,5 жылға бас бостандығынан айырылды.