Елорда әуежайындағы жаңа терминалдың құрылысы үшін 60 млрд теңге бөлінген, 2017 жылдың наурызында аяқталуы керек. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның вице президенті Қанат Алпысбаев мәлімдеді.
«Жобада жаңа терминал мен жаңа перронның құрылысы, ұшып-қону алаңын капиталды жөндеу жұмыстары және жарық-дабыл құрылғыларының орнатылуы қарастырылған. Аталған жобаны 2017 жылдың наурызында аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз», — деді ол Астанадағы аймақты даму және экономикалық реформа бойынша отырыста.
Қанат Алпысбаевтың атап өтуінше, жобаны іске асыру арқылы әуежайдың жолаушыларды тасымалдау қабілеті жылына 3 млн адамнан 7 млн-ға дейін көбейеді.
Еске салайық, осыған дейін ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылы Астана әуежайында жаңа терминал салып, ұшып-қону алаңын қайта жөндеуден өткізуді тапсырған еді.