Астанада үздік тауар өндірушілер анықталды

астанада
Фото: dreamstime.com

Алматы. 27 шілде. 7kun.kz – Бас қалада өткен өңірлік көрме-байқауда 70-тен аса кәсіпорын арасынан 9-ы озат деп танылып, республикалық сынға жолдама алды, деп хабарлайды 24.kz.

Үздіктер арасында азық-түлік өндіретін, құрылыс заттарын шығаратын және айти тауарларды нарыққа ұсынатын серіктестіктер бар.

Жалпы көрме 2006 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіледі. Содан бері қатысушы компаниялардың саны да артқан. Мәселен, биыл дәнді-дақылдан сан түрлі сусын өндіретін серіктестік өз өнімдерін алғаш рет көпшілікке таныстыруға мүмкіндік алды.

Жалпы елордалық кәсіпорындар тұтынушылар сұранысын жан-жақты қанағаттандырып келеді. Олар бас қаладағы түрлі тауарларға деген тапсырыстың 40 пайызын өтейді.

Айта кетейік, үздік тауарлардың республикалық байқауы алдағы күз айларында өтуге тиіс.

«Бүгінгі таңда тәулігіне 10 тоннаға дейін 37 түрлі нан өнімдерін шығарамыз. Болашақта түрін 50-ге жеткізбекшіміз. Міне, бүгін ең сапалы тауар өнімдерінің жеңімпазы атанып отырмыз», — дейді нан зауытының басшысы Әбдірахым Төлендиев.