Атақты «Крузак» немесе Toyota Land Cruiser көлігінің пайда болу тарихы

15227

Toyota Land Cruiser. Дәл қазір әлдекімге «Крузак» дегеннің не екенін айтып түсіндірудің қажеті шамалы. 2000-шы жылдардың басында бұл көлік шексіз биліктің, байлық пен табыстың символы болды. Бұл көлік жоғары шенді шенеуніктердің, табысты кәсіпкерлердің, қылмыстық ұйымдар серкелерінің тізгінінде болды. Базарларда, қонақ үйлердің немесе қымбат кеңселердің алдында осы көлік түрін кездестіретінбіз. Әйгілі «Крузак» әлі де бедел биігінен түскен жоқ. 2000-ші жылдардағыдай атағы асқақтамаса да, әлі де бағалы көліктер санатында. Тайотаның талайға ұнаған «туындысы» қашан шыға бастап еді?

Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейінгі Жапония. Хиросима-Нагасаки қалаларына тасталған атом бомбаларынан кейін Жапония экономикасы әбден құлдырады. Тек экономикасынан ғана емес, тұтастай территориялық иеліктерінен айырылған жапон елі қайыршылықтың алдында тұрған еді. Қытайдың билік басына келген Мао Цзедун 1950-жылы  көршілес Кореяға соғыс жариялайды. Кореяның оңтүстігіне АҚШ, солтүстігіне Қытай мен КСРО әскери көмек көрсетеді. Екі оттың ортасында қалған Жапония АҚШ үшін басты серіктес болады. Өйткені коммунистік режимдегі елдерге қарсы тұру үшін АҚШ әскери базаларын осы елге орналастырған болатын болатын. Ал, әскери базаларды ұстап тұру үшін Жапониядағы құлдыраған экономика мен өнеркәсіпті қалпына келтіру керек болды.

Экономиканы жылдам оңалту мақсатында АҚШ әскерилері жапон өнеркәсіп орындарына түрлі тапсырыстар бере бастады. 1950-жылы АҚШ армиясы әскери жол талғамайтын көлік шығаруға  тендер жариялайды. Алғашында американдықтар өздерінің Jeep Willys компаниясын қолдағанымен, кейін 1951-жылы тендер тізгіні жергілікті Toyota корпорациясының қолына өтеді. Бұған шабыттанған компания басшылығы бір мезгілде 289 дана көлікке тапсырыс қабылдайды. Байлық пен биліктің белгісіндей болған жапон автокөлігінің тарихы осылай басталады.

Сол кезеңде Жапонияда АҚШ әскерилерімен бірге келген Jeep Willys жол талғамайтын көліктері танымал болатын. Jeep атауы жол талғамайтын көліктердің символы болып содан қалса керек. Toyota компаниясы да өзінің алғашқы көлігіне Toyota Jeep деген атау береді. Тек кейін көлік қозғалтқышына «Type B» атауы берілгесін ғана Toyota BJ болып ауыстырылады.

a667d14caf3107192aa6874072f81b4c_orig
Toyota BJ көлігі

Алғашқы Toyota BJ көлігінің сырт келбеті Willys Jeep-ке қатты ұқсайтын. Дегенмен екі жыл ізденген жапондықтар келесі көліктерін Willys Jeep-тен ұзындау ғып шығарады. Қозғалтқышын да жүйелі түрде дамытып, әлемде алғашқылардың бірі болып, минутына 3600 айналымы бар, 85 ат күшіне тең, жоғары клапанды алты цилиндрлі моторы бар жаңа Toyota BJ көлігін жасап шығарады.

1eb351431f74758412ef4c25857d10fc_orig
Жаңартылған Toyota BJ

Бес жылдық ғұмыр

1953-жылы экспортқа шығуды ойлаған Toyota жергілікті Arakawa Bankin Kogyo KK компаниясымен бірлесе отырып, жаңа көлік түрін шығаруды қолға алады. Jeep атауына ортақтасқысы келмеген компания BJ атауынан бас тартады. 1954-жылы ағылшындық Land Rover жол талғамайтын көліктеріне бәсекелес болу мақсатында Toyota Land Cruiser көліктерін таныстырады. Көліктердің толық сериядағы өндірісі 1955-жылы басталып, Toyota Land Cruiser 20 көлігі жұртшылыққа таныстырылады. Алғаш шыққан Toyota BJ көлігіне қарағанда бұл көліктің біраз артықшылықтары болды. Көлік көлемінің үлкендігі, салонға желдеткіш жүйесінің орнатылуы сол кездегі инновациялық жаңалықтардың бірі де бірегейі еді. 102 ат күшіне тең шойынблокты цилиндрі бар жаңа қозғалтқышы сәтті ойластырылған сапалы жобалардың бірі болды.Шығарылым мерзімі 1992-жылға дейін созылған бұл қозғалтқыш Гиннестің рекордтар кітабына енген болатын.

Бұл көліктің айта кететін тағы бір ерекшелігі — шетелдік нарыққа шығуы еді. Шетелдік әскерилерден бұл көлікке деген тапсырыстар көптеп түсе бастады. 1957-жылы жапондық көлік экспортының жылдық көлемінің 32 пайызын Toyota көліктері иеленді. 1958-жылдан бастап АҚШ-қа көлік тасымалдай бастады.

89d936c1413d1445aeb0602c806f868d_orig
Land Cruiser 20 бірнеше нұсқада шығарылды

40-тан басталған өмір…

Land Cruiser 20 бес-ақ жыл өмір сүрді. Өйткені, үздіксіз дамып жатқан бәсекелестік орта мен жоғары талғамға деген сұраныс жапон инженерлеріне жаңа көлік түрін ойластыруға мәжбүр етті. 1960-жылы Land Cruiser 40 көлігі шығарылды. Сұраныстың көптігінен көлік 24 жыл бойы шығарылып тұрды. Алдыңғы фарасы мен радиатор торкөзінің болаттан жасалған рамкамен қапталуы — Land Cruiser 40-тың басты ерекшелігі болды. Оның үстіне дизел отынымен жүмыс жасайтын қозғалтқышпен шығарылуы да аталған көлікке деген сұранысты еселей түсті.

20140902184944
Toyota Land Cruiser 40 көлігі
816d1bb6c5a13597cf0b3238a72f3381_orig
Жаңартылған Land Cruiser 40

1967-жылы ұзын көліктерге деген сұраныс FJ 55 сериясындағы жаңа Land Cruiser-дің шығуына түрткі болды. Көлік бұрынғы модельдеріне қарағанда анағұрлым ұзындау болатын. Осы ұзындығына бола көліктің кәдімгі жеңіл көліктектерден айырмашылығы байқалмады.

f8f63d24e773ea207e17274f547c2f10_orig
Toyota Land Cruiser FJ 55

Тұтынушыларға ұнаған бұл көлік түрін жапондар өзіндік модельге айналдырғысы келді. Land Cruiser 40-ты шығаруын жалғастыра отырып, Land Cruiser FJ 55-ке балама ретінде Land Cruiser 60  моделін шығарады. Бұл қазіргі Land Cruiser Prado-ның «атасы» болатын. Көлік салонына қымбат материалдардың пайдаланылуы тұтынушылар тарапынан сұранысты үдете түсті.

Land Cruiser-дің жаңа кезеңі…

 24 жылға созылған Land Cruiser 40-тың шығарылымы 1984-жылы тоқтайды. Компанияға енді тоқтамай келе жатқан ғылыми-техникалық прогресс бәсекесіне төтеп беретін көлік шығару керек болатын. Жаңа көлік екі нұсқада шығарылды. Әскери дала өміріне бағытталған heavy duty (ауыр)  нұсқасы әскери бөлімдерге, таулы аудандарға арнап шығарылса, ligth duty (жеңіл) нұсқасы қала өмірі мен алыс жолға лайықталып, барынша жайлылық пен жылдамдықты бойына жинақтаған көлік түрінде шығарылады. Көлікке Land Cruiser 70 атауы беріледі.
3e6cc96fbdff029fe116fcb94c40ec84_orig
Toyota Land Cruiser 70 көліктері екі нұсқада
1990-жылы Land Cruiser 70-тің «жеңіл» нұсқасына Land Cruiser Prado есімі беріледі. Ал, Land Cruiser 70-тің  «ауыр» нұсқасы 2007-жылға дейін шығарылып, осы уақыт аралығында Toyota бұл көліктерге параллель ретінде Land Cruiser 80, 90, 100 серияларын шығарады.
8986944ba5180ecfd4a88c1bbc656617_orig
Toyota Land Cruiser 80
39dee45bf1dec1c92175a0d2c94bd896_orig
Prado есімін иеленген Land Cruiser 90
7cfb23310db69c0f122e1f3e33d4a012_orig
Байлық пен биліктің символына айналған Toyota Land Cruiser 100
0ffb352fcf1ebd77e6a6ff48d3595519_orig
120 сериясындағы Land Cruiser Prado
 Соңғы жылдары Land Cruiser-дің 200 маркалы түрі шығарылуда.
200