қазақша
Фото: ticketon.kz

Алматы. 27 желтоқсан. 7kun.kz — Кеше Алматыда «Sulpak Cinema» компаниясы мен «Cinemax» кинотеатрлар желісі «Америкадағы қазақша кәсіп» фильмінің алдын-ала жабық көрсетілімін өткізді.

2016 жылдың соңында экранға шыққан «Қазақша кəсіп» фильмінің жалғасы ретінде түсірілген «Америкадағы қазақша кəсіп» кинотуындысы 28 желтоқсанда үлкен экранға шығады. Фильмнің түсірілім жұмыстары Америкада Калифорния штатының Лос-Анджелес қаласында бір айға жуық уақытқа созылды. Бұл фильм – АҚШ-та түсірілген тұңғыш отандық туынды. Осыған дейін Америкада түсірілген фильмдер бірлескен жоба, не шетелге арнайы шақыртумен барып түсірілген жобалар болатын.

Фильм продюсері – Нұрлан Қоянбаев, ал режиссері – Жеңісхан Момышев.

Фильмнің алғашқы бөліміндегі негізгі актерлық құрам өзгерген жоқ. Нұрлан Қоянбаев, Жан Байжанбаев, Рамазан Амантай жəне шетелдік актерлар бар. «Көкіл» мектебінің түлегі, күйші, актер, ақын Рамазан (Перкош) фильмде «Ақсәулем» әнін гитарамен өзі орындайды.

қазақша
Фото: i.ytimg.com

АҚШ-та жетістікке жетіп, полиция қызметкері болып жүрген Димаш Ниязов та кішігірім рөлді сомдайды. Арнайы осы фильм үшін ол Нью-Йорктен Лос-Анджелеске 4 күнге келіп түсіп кетті.

Кинокартинада кәсіпкер Жомарттың жаңа оқиғалары баяндалады. Фильмнің желісі қонақүй қызметін дамытудан бастау алады. Жомартқа мұра болып қалған отель халықаралық статусқа ие болып, бес жұлдызды қонақ үй атанбақшы. Ол үшін Қазақстанға Америкадан құпия сарапшы келіп, сапа стандартын бағалайды. Жомарттың отельде жұмыс істейтін бауырының кесірінен қонақ ренжіп кетеді. Жомарт америкалықпен татуласып, онымен қазақша келісу үшін АҚШ-қа аттанады. Ол өзімен бірге көмекшісі Аленді және Еркошты алып кетеді.

Фильмді 28 желтоқсаннан бастап еліміздің барлық кинотеатрларынан көре аласыздар.