Қазақстан 2017 жылы өндірілетін мұнай көлемін арттырады

Фото: Kursiv.kz

Астана. 2 қараша. 7kun.kz — Қашаған кен орнының іске қосылуына байланысты 2017 жылы өндірілетін мұнай көлемі 78-79 млн тоннаға жетеді. Бұл туралы Энергетика министрлігі хабарлады.

Биыл өндірілетін мұнай көлемі 75,5 млн тонна болады деп жоспарланып отыр. «Егер мұнай өндіретін елдер өз арасындағы мәселесін шешсе, бұл нарыққа жақсы әсер етеді. Өндірілетін мұнай көлемі азайса, нарықта баланс пен теңдік орнайды. Мысалы, Таяу Шығыс елдерінде мұнай бағасы бүгінде барреліне 60 доллар болып отыр», — деді министр.

Бозымбаевтың айтуынша, қараша айында өтетін ОПЕК кездесуінде Ресей мен Сауд Арабиясы мұнай бағасын тұрақтандыруға қатысты бір шешімге келуді жоспарлап отыр. «Егер барлық мұнайдың 50 пайызын өндіретін екі ел алынатын қара алтын көлемін азайтуға келіссе, бұл шешім басқа елдерге де тиімді болмақ. Бұл бір жағынан бізге де ұтымды. Оның үстіне, мұнай нарығындағы Қазақстан үлесі өте төмен – 1-1,5 млн тонна», — деп мәлімдеді министр.

Айта кетейік, Қазақстан өндірілетін мұнай көлемін азайтуды сұраған ОПЕК-тің ұсынысынан бас тартқан болатын.

Перизат ӘБДІЛ-ӘШІМ, «7»