Қазақстанға юаньнің емес, рубльдің құнсыздануы қауіпті

835

Қазақстан нарығында кешелі бері бір рубльдің құны 2,85 теңге болып қалды. Деңгейі қырғыздың сомынан да төмендеп қалған Ресей рубльінің бұлайша арзандауы Ресеймен экономикалық серіктес елдерге де қалай әсер етеді? Болашақта жағдай қалай түзіледі? Рубльдің құнсыздануы теңгеге әсер ете ме? Бұған қатысты сарапшы мамандардың пайымдауынша, Ресей рубльінің құнсыздануы тоғыз бірдей елдің экономикасына ауыр тиуі әбден мүмкін.  Деректерге сүйенсек, 2015 жылдың екінші жартысында  Армения, Грузия, Украина, Өзбекстан Қазақстан тәрізді елдер 10 миллард долларға дейін шығын көруі ғажап емес.

Жалпы, 2015 жыл басталғалы Ресей рубльі еңсе тіктей алар емес. Рубльдің күннен күнге құнын жоғалтып жатқанына қатысты қазірде экономист-сарапшылар тым алаңдап отыр. Сарапшылардың пайымдауынша, Ресей валютасының бұлайша құнсыздануы теңгеге әсер етпей қоймайды. Мәселен,экономист-сарапшы Жұмаділда Баяхметов «Егер әлемдік нарықта мұнай бағамы 60 долларға көтеріліп, Ресей рубльі еңсе тіктер болса, қазақстан нарығында рубль 3,7 теңгенің көлеміне көтерілер болса, онда Ұлттық банк теңгенің бағамын 185-188 теңгенің аралығында ұстап тұра алады» дейді. Біздің отандық сарапшыларымыз осылай дегенмен, кешелі бері халықаралық Экономикалық даму орталығының сарапшылары «Мұнай бағамы 40 долларға дейін төмендесе, 2015 жылдың орта шеніне таман рубль тағы да 20 пайызға түседі» деп құлаққағыс жасап отыр. Ал енді бұлайша рубльдің құбылуы теңгені соңынан ерте ме? Экономикалық бірыңғай кеңістікке біріккен ел ретінде біз бұдан не күтеміз? Қандай шараларды қарастырғанымыз абзал?

Жаңабай Алдабергенов, экономист-ғалым:
-Қазір Ресей экономикасы құлдырау кезеңін бастан кешіріп жатыр. Рубльді тежеп ұстап тұру үшін Ресейге әр ай тоқсан сайын 50 млрд доллар жоғалтып отыр. Енді ойлап қараңыз, Ресейге бір жылда 200 млрд доллар қаражат жоғалтуға тура кеп тұр. Ал Ресейдің алтын-валюта қоры шамамен 500 млрдтан асатынын ескерсек, бұл екі жылда Ресей экономикасының одан әрі тұралайтынын көрсетеді.Бұған қатысты үш болжам  айтар болсақ:

1)2015-2016  жылдар аралығында  әлемдік нарықтағы мұнай бағасы 75-80  долларға көтерілмейтін болса, бұл Ресей үшін аса қауіпті жағдай.

2)  Жалпы, болжам бойынша, 2015-2016 жылдар аралығында мұнай бағасы 40 АҚШ доллар болуы әбден мүмкін. Ал мұндай жағдай орын алса биылғы жылы Ресей рубльі жыл соңына дейін тағы 20 пайызға төмендейді.  Мұндай жағдайда теңгені де құнсыздандыруға тура келеді.

3) Ал 2015-2016 жылдар аралығында мұнай бағасы 65-70 долларды құрайтын болса, мұндайда шикізат көзінің бағасы 10 пайызға көтеріледі де, одан түсетін түсім көзі де артады. Сондықтан бұл белгіленген баға да біз үшін тиімді.

4) Ал мұнай бағасы 75-80 доллар болса бұл біз үшін ең ұтымды тұс болар еді. Мұндай жағдайда Ресей рубльнің бағамы да көтеріліп, теңгені де 187-188 теңге аралығында ұстап тұруға мүмкіндік мол болар еді.

5) Қазір азуы айды білеген Қытай елі де девальвацияны бастан кешіріп отыр. Сондай-ақ Батыс елдері де сақтық шараларын қарастыруда. Қытай мен Ресей Қазақстанның сыртқы саудадағы әріптестері. Дегенмен біз үшін ең маңыздысы Кедендік Одаққа, Еуразиялық экономикалық аймаққа біріккен ел ретінде рубльдің құнсыздануы қауіпті. Бұл үрдіс теңгені соңынан ертеді.

Жалпы, мамандардың пайымдауынша, бізге теңге бағамын қалыпты ұстап тұру үшін долларға тәуелділіктен арылуымыз керек. Ал біздің алтын-валюта қорының 40 пайызы доллармен, 20 пайызы рубльмен, 20 пайызы юаньмен  жинақталып отырғанын ескерсек, бұл жерде сақтық шараларын қарастырмауға тағы болмайды. Бұл ретте мамандар  «рас елімізге инвестициялар тасқыны келіп жатыр, бірақ біз отандық кәсіпорындардың жұмысын жандандырмай долларға тәуелділіктен құтыла алмаймыз» деседі. Бұл ретте экономист-сарапшыларымыздың басым бөлігі «Көрші Ресейде болып жатқан экономикалық тұралаудың салқыны бізге бәрібір өз әсерін береді. Демек үкіметтік тұрғыда сақтық шараларын қайта қарастыру керек. Бұған қатысты отандық өндірісті қолдаудың жаңа шарттары түзілгені жөн. Себебі қазірде Ресей үшін сыртқы инвестицияның тиімсіз екені нақты белгілі болды. Ресейден инвестициялар легі қашып жатыр. Біз бұдан сабақ алуымыз керек. Сырттан келген инвестиция қанша жерден тиімді дегенмен, оның қауіптілігі де бар. Сондықтан әлдеқандай заман туғанда инвестиция сыртқа ыдырай қашпауы үшін отандық өндірісті қолдауға барынша назар аударуымыз керек» дейді. 

Қарлығаш Зарыққанқызы