Қазақстан дәрігерлерінің білімі жаңа әдіспен бағаланады

449
Қазақстан

Астана. 31 қазан. 7kun.kz — 2017 жылдың 8 қарашасында барлық Қазақстан облыстары мен Астана және Алматы қалаларында Денсаулық сақтау басқармаларының қызметкерлерінің білімдеріне тәуелсіз бағалау жүргізіледі, — деп хабарлады ДСМ Баспасөз қызметі

Соңғы кезде медициналық қызметкерлердің білімдері мен дағдыларын бағалау барысында алаяқтық әрекеттер жиілеп кетті. Өздерін ДСДРО Білімді және дағдыларды бағалау орталығының қызметкерлеріміз деп таныстыратын алаяқтар, тесттен немесе тәжірибелік дағдыларын бағалаудан өту кезінде жәрдемдесуге уәде етіп, талапкерлерден ақша алып отырған.

Осыған байланысты, Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы барлық талапкерлерден біліктілікті растау және арттыру кезінде ақшалай сыйақы арқылы емтиханнан жеңіл өтуге немесе тапсырмай-ақ өткізуге уәде берушілерге сенбеулерін сұрайды.

Өз кезегінде, білімді және дағдыларды бағалау кезінде сыбайлас жемқорлық қаупін болдырмау үшін, Дүниежүзілік банк жобасы аясында халықаралық талаптарға сәйкес жасалған кіріктірілген ақпараттық жүйе (КАЖ) енгізіледі.

Аталған жүйені  «Cybernet» компаниясы жасаған, қорғалған желіде компьютерлік тесттен өткізудің халықаралық талаптары ескерілген. Кіріктірілген ақпараттық жүйеде мәліметтер мен дерек қорларын қорғаудың, сондай-ақ, кез келген мәліметке рұқсат етілген және рұқсат етілмеген қолжетімділікті бақылаудың бірнеше деңгейі бар. 2017 жылдың қазан айында кіріктірілген ақпараттық жүйенің пилоттық жобасына қатысқан қолданбалы бакалавриат бағдарламасы бойынша мейіргерлер колледждерінің түлектері жеке кабинет құрудан, білім бағалау үшін тест тапсыру орнын, күнін және уақытын таңдаудан бастап, тест тапсырып біткен бойда, бірден сол мезетте электронды поштаға бағалау нәтижесін алуға дейінгі үдерістер жүйесінің қарапайымдылығы мен сенімділігін атап өтті.

Диана Құрманбекова