Қазақстан әйелдерінің қазіргі өмірі қандай?

1116
Фото: pinterest.com

Әйелдерге жасалатын әділетсіздік пен олардың әлеуметтік мәселелеріне біржола нүкте қойылады деп 2006 жылы бекітілген гендерлік теңдікті мұрат тұтқан онжылдық бағдарлама биыл аяқталды. Осының аясында өткен шаралар мен оған кеткен қаржыны қазбаламай-ақ қоялық, тек көптің қойғысы келетін бір ғана сұрағына жауап берейік: Қазақстан әйелдердің өмірі жақсарды ма?

Әйелдер «экономикасы»

Статистика комитетінің ақпаратына сәйкес, әйелдер Қазақстан халқының – 52 пайызын, жұмыспен қамтылған халықтың 48 пайызын құрайды. Жалпы ішкі өнім қазынасына келетін қаражаттың 39 пайызы әйелдер еншісінде. Нәзік жандылардың үлесі басым салалар ретінде денсаулық сақтау (75%), білім беру (74%), тамақ және күнкөріс қызметтері (73%), сауда (61%) және қаржы қызметтері (59%) көрсетіледі.

Әйелдер кәсіпкерлікте

Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) Қазақстан бойынша менеджерi Алма Қасымованың айтуынша, Орта Азияда әйелдер кәсіпкерлігі Қазақстандағы секілді жеке бөлінбейді, тек «қолөнермен айналыстаны әйелдер» деп қана айтылады. Оның үстіне оларға мемлекеттің өзі емес, әр түрлі халықаралық ұйымдар қолдау көрсетеді. «Қазақстан – әйелдер кәсіпкерлігін ерекше қолдайтын аз елдердің бірі, бізде әйелдер ісі бойынша комиссия, іскер әйелдер бірлестіктері бар», — дейді маман. Сонымен қатар, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының басқарушы директоры Ғабит Лесбековтің ақпаратына сәйкес, еліміздегі барлық шағын және орта бизнес субъектілерінің басшылығының 41 пайызында – әйелдер.  Салыстырмалы түрде, АҚШ-та бұл көрсеткіш – 38%, Германияда — 33%, ал Францияда 25 пайызды құрайды.

Ресейлік «Комитет 20» бизнестегі әйел көшбасшылар ассоциациясының жетекшісі Елена Федяшина «Қазақстанның әйелдер кәсіпкерлігін жекелей қолдауы мені таңқалдырды, себебі Ресейдегі ірі институттар әйелдер бизнесін даралауды осы жылы ғана бастады», — дейді.  Мемлекет беретін мүмкіндіктер мен түрлі институттардың жәрдеміне қарамастан, әйелдер кәсіпкерлігінде адами фактор мен әлеуметтік жағдайдың әсерінен болатын бірқатар кедергілер бар. Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) Қазақстан бойынша менеджері Алма Қасымованың пайымдауынша, әйелдер кәсіпкерлікте өсудің орнына өздерін шектеп, белгілі бір салада ғана жұмыс істейді. «Отбасы мен кәсібін қоса алып жүру қиын болғандықтан, орта деңгейге көтеріліп алған соң, өздерін ары қарай дамытпайтыны тағы бар», — дейді. Сарапшыны кәсіпкер әйелдердің қаржылық сауаттылығы осының салдарынан төмен екенін айтады. Ал Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Ақеркін Ералиева кәсіп бастамақ болған әйелдер көбіне төрт негізгі мәселе бар екенін айтады. Олар: біріншіден — қаражаттың жетіспеушілі, екіншіден, бизнесті дамытуға қиындық тудыратын әкімшілік кедергілер. Сонан соң жеңіл өнеркәсіп саласындағылар үшін сауатты техникалық мамандардың жетіспеушілігі, соңғысы – іскерлік байланыстың, әріптестіктің болмауы. Ал «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының басқарушы директоры Ғабит Лесбеков «негізгі мәселе кәсіпкерлердің өзінде, барлығы бизнес бастай сала табысқа жетуге ұмтылады. Сондықтан кәсіпкерлердің қаржылық сауаттылығын арттыру керек», — дейді.

Әйелдер саясатта

Қазақстан ерлер мен әйелдер теңдігі рейтингінде 142 елдің ішінен 32-орында. Ал әйелдердің экономикаға үлесі, білім деңгейі, денсаулығы мен әл-ауқаты, сонымен қатар саясатқа араласуы секілді төрт критерий бойынша гендерлік теңдік рейтингінде (Global gender gap) 47-орында. Аталған рейтингте Қазақстан Орта Азия бойынша 1-орында тұр. Бізден кейін Қырғызстан бар, ал Ресей 75-орында.

Төрт критерий көрсеткіштері бойынша ішінде ең төмені – әйелдердің саясатқа араласуы. Бізде бір ғана әйел министр бар. Парламенттің төменгі палатасында әйелдер үлесі – 27 пайыз, алайда сенаттағы әйелдердің үлесі өте төмен: 6 пайыздан сәл-ақ асады. Қазақстанда 17 министрдің біреуі ғана (Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова) әйел. Мемлекеттік хатшы қызметінде Гүлшара Әбдіхалықова бар. Бір әйел премьер-министрдің орынбасары, екеуі – премьер-министр кеңсесі басшыларының орынбасарлары, алтауы – вице-министр, алты әйел – жауапты хатшы, ал тоғыз әйел – облыс әкімдерінің орынбасарлары.

 Әйелдер тұрмыста

Орталық Азиядағы «БҰҰ-Әйелдер» көп елдік бөлімшесінің директоры, Қазақстандағы «БҰҰ-Әйелдер» өкілі Илейн Конкиевичтің айтуынша, Орта Азия әйелдері еуропалықтарға қарағанда тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа көбірек ұшырайды. Ішкі істер министрлігінің ақпаратына сәйкес, елімізде жыл сайын 10 мыңнан астам зорлық-зомбылық фактісі тіркеледі, үш жүзден астам әйел тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан көз жұмады. Ал әлеуметтанушы Нұрболат Айекешовтің айтуынша, биылдың өзінде 316 әйел өзіне қол салса, түрмеде 300 әйел отбасындағы жанжал кезінде адам өлтіргені үшін жазасын өтеп жатыр.

Аян ҚАЛМҰРАТ, «7»