«Қазақстан темір жолы» жүк тасымалдаудан 4 млрд доллар табыс әкеледі

Астана. 2 қараша. 7kun.kz — «Қазақстан темір жолы» компаниясы жүк тасымалдаудан  4 млрд доллар табыс әкелмек. Бұл жайлы Үкімет отырысында компанияның төрағасы Қанат Алпысбаев  мәлімдеді.

Қанат  Алпысбаев логистикалық бағыттағы отандық көлік жолдарын дамыту мақсатында халықаралық көлік дәліздеріне  қосылатынын айтты.

Компания басшысының хабарлауынша, 2020 жылы тасымалданатын контейнер саны 1,7 миллионға жетіп, олар Қытай – Еуропа, Қытай – Кавказ – Түркия, Қазақстан – Түркіменстан бағыттары бойынша жүріп өтеді.

«2011 жылдан бастап жүрдек контейнерлік пойыздар қызметі қосылды. 2016 жылы Азиядан Еуропа жолына  шығатын тасымал 100 есе артты», — деді компания басшысы.

Қанат Алпысбаевтың айтуынша,  2014 жылы көлік бағдарын дамыту бойынша халықаралық  бірлескен көліктік-логистикалық компания іске кірісіп, Солтүстік – Оңтүстік транзиттік тасымал дәлізі дамып келеді.

Сондай-ақ, компания төрағасы Қазақстанның LPI логистикалық индексі рейтингінде 160 компания ішінен 77-орынға тұрақтағанын айтып, бұл көрсеткіштің ТМД елдерінің арасында үздік екенін мәлімдеді.

Зүбайра ЖАМАНБАЙҚЫЗЫ, «7»