Қазақстанда ірі жанар-жағармай бекеттер желісі салынады

Фото:kapital.kz

Алдағы 5 жыл ішінде Қазақстанда 300 обьектіден тұратын ірі жанармай желісі салынбақ. Бұл туралы қазақстандық мұнай өңдеу зауытының атқарушы директоры Даулет Қалеханов мәлімдеді. 

«Біз бір жыл бойы жұмыс істеген жоба — шағын жанар-жағармай бекеттерін бір брендке біріктіру арқылы ірі республикалық желі құру. Көптеген бекет иелері мұндай идеяны қуана қабылдады, бізді қолдады. Егер 2 күн бұрын бізде 230 жанар-жағармай бекеті болса, кеше тағы 70 бекетпен келісім-шартқа қол қойдық», -деді Қалеханов.

Оның сөзінше, бұл нарықты зерттеу кезінде аймақтарда жұмыс істейтін көптеген бекеттердің техникалық және қаржылай проблемалары бар екендігі, ал сыртқы бейнесі жақсартуды талап етеді. Нәтижесінде, халықтың ондай бекеттерге деген сенімі жоғала түседі. Барлығын бір жобаға біріктіру туралы идея осылай келген.

«Келесі кезек — бекеттерді жаңаландыру. Біз уақытпен бірге жүруіміз қажет. Мысалы, қазір электромобильдер үлкен танымалдылыққа ие. Біз республикалық маңызы бар трассаларда электромобильдерді қуаттандыратын блоктары бар жанар-жағармай және газ бекеттерін орналастыруды жоспарлап отырмыз», — деді атқарушы директор.

Аталған жобаға жергілікті кәсіпкерлерде тартылмақ. «Жобаны жүзеге асыру кезінде 1200-ге жуық жұмыс орындарын құруды көздеп отырмыз. Сондай-ақ ол бекеттердің сапасын тексеретін мобильді зертханалар ашамыз. 5 жыл ішінде салынатын инвестиция 50 млн доллар болмақ. Ол — біздің өз қаржымыз және түрлі қаржы институттарының қаржысы», — деп хабарлады Қалеханов. Оның айтуынша, жаңа бекеттерде тіпті мобильді қосымша арқылы төлем жасауға болады.