Қазақстандағы шағын бизнес оңтүстік өңірде кең таралған

Фото:altaynews.kz

3 жыл ішінде еліміздегі шағын компаниялар саны 53,9%-дан 85,2%-ға артты. Сауда — шағын бизнестегі ең танымал сфера. Кәсіпорындардың 41,2%-ы оңтүстік аймақтарда орналасқан деп хабарлайды Ranking.kz сараптама қызметі. 

Қазақстандағы шағын бизнес белсенді түрде дамып келеді. 2016 жылдың бірінші тоқсанында елде тіркелген шағын кәсіпкерліктің субъектілер саны 1,5 млн-нан астам, олардың ішінде 1,3 млн-ы — белсенді. 3 жыл ішінде жұмыс істеп тұрған шағын компаниялар үлесі 53,9%-дан 85,2%-ға артты.

Қазақстандағы жеке кәсіпкерлер — бизнес-ортаның ең белсенді қатысушылары. 2016 жылдың І тоқсанында жалпы шағын бизнес субъектілеріндегі жеке кәсіпкерлер үлесі 68,2%-ды құрады. Заңды тұлғалар көрсеткіші — 19,6%, ауыл шаруашылықтар үлесі — 12,2%.

Шағын бизнес өкілдері үшін сауда — ең танымал сфера. Бөлшек және көтерме саудада 0,5 млн шағын бизнес субъектісі тіркелген. Сондай-ақ шағын компаниялар ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығында (0,2 млн субъект, 19,3%) кеңінен таралған.

Шағын бизнес өкілдерінің үлесі өнер, сауық және демалыс (10,7 мың субъект), қаржы және сақтандыру (9,6 мың) және денсаулық сақтау, әлеуметтік қызмет (9 мың) салаларында ең аз тіркелген.

Шағын бизнес негізінен оңтүстік аймақтарда (бүкіл елдегі шағын бизнес субъектілерінің 41,2%-ы) көп жинақталған. Кәсіпорындар Алматыда (239 мың), ОҚО-да (214 мың) және Алматы облысында (181 мың) орналасқан.

Бір жыл ішінде Қазақстанда тіркелген шағын компаниялар үлесі еліміздің 7 аймағында көбейді.