Қазақстандық кәсіпкерлердің жобаларын Татарстан қолдады

татарстан
Фото: inform.kz

Алматы. 2 шілде. 7kun.kz – Батыс Қазақстан облысының делегациясы Татарстан Республикасының астанасы Қазан қаласында болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сапардың мақсаты — сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі нығайту.

Жұмыс сапары аясында өңір басшысы Алтай Көлгінов бастаған облыс делегациясы Татарстан Президенті Рустам Миннихановпен кездесті.

«Қазақстан-Ресей қатынастары дәстүрлі түрде стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейімен ерекшеленеді. Ресей Қазақстанның ең ірі сауда әріптесі болып табылады. Осындай қарым-қатынастарды дамытуда Татарстан Республикасының қосқан үлесі зор. Күні кеше Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Сіздерде болды. Бұл сапар біздің әріптестігіміздің барлық салаларына жаңа серпін берді», — деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Өңір басшысының айтуынша, 2017 жылы Қазақстан мен Татарстан арасындағы тауар айналымы 700 млн АҚШ долларды құрады. Оның ішінде 100 млн АҚШ доллардан астамы Батыс Қазақстан облысының үлесінде. Қазақстандық кәсіпкерлердің жобалары Татарстанда қолдау тапты.

Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысының экономикалық әлеуеті және оның инвестициялық мүмкіндіктері туралы сөз қозғалды.

«Бүгінде Еуразия одағының елдерімен тығыз ынтымақтастықтың табысты мысалдары бар. Олардың негізгі үлесі Ресей Федерациясында. «Желаев нан өнімдері» комбинаты «Тат-спайс» компаниясына ұн және макарон өнімдерін беруде. «Нұржанар» компаниясы «ТАТ Крахмал патока» компаниясынан квасты өндіруге қажетті өнімін алуда. «Орал трансформатор зауыты» Татарстан елінен пластикалық құбыр, полимерлік табандық, кран-балкалар алып тұрады. «Гидромаш Орион-МЖБК» компаниясы бетон араластырғыш торабы үшін қажетті дозаторлармен қамтамасыз етілуде. Сондай-ақ «Кама Қазақстан» компаниясы автокөліктер шиналарын сатып алуда», — деп атап өтті облыс әкімі.

Кездесуде БҚО кәсіпкерлері бірнеше бизнес-жобаларды таныстырып, Татарстан тарапынан толық қолдауға ие болды.

БҚО әкімі Татарстан Республикасының Президенті Рустам Миннихановты қыркүйек айында Орал қаласында өтетін Сабантойға шақырды.

Сондай-ақ сапар аясында іскерлік кездесу өтті. Онда қос тарап экономиканың барлық салаларындағы өзара әріптестікті одан әрі кеңейту мәселелерді талқылады.