Қазақстандықтар ұялы байланыс үшін ақшасын көбірек жұмсай бастады

459
Фото:dailynews.kz

Алматы. 29 қыркүйек. 7kun.kz — Ұялы байланыс үшін айына 1-2 мың теңге аралығында қаржы жұмсайтын абоненттер саны 46%-ға дейін көбейді. 2016 жылдың ІІІ тоқсанының қорытындысы осындай болды деп хабарлайды 4Service зерттеу агенттігі. 

2015 жылдың ІІІ тоқсанында мобильді байланыс үшін жоғарыдағыдай сомада ақша жұмсағандар саны 40%-ды құраған еді. Ай сайынғы шығын 2 мың теңге болатын пайдаланушылардың көпшілігі Beeline (84%) және Тele2 (83%) операторларында. Ал Kcell абоненттерінің 46%-дан көбі байланыс үшін айына 2 мың теңгеден көп ақша жұмсайды.

MNP (номерін ауыстырмастан операторын өзгерту) қызметі енгізілгеннен кейін сауалнамаға қатысушылардың 7%-ы операторын ауыстырғысы келетіндігін айтқан. Басты себеп байланыс үшін шығындарын үнемдеу, респонденттердің 38%-ы жоғары тарифтері үшін операторын өзгерткісі келетіндіктерін мәлімдеді.

Байланыс сапасының және интернеттің нашарлығы (37%) мен қызмет құнының жоғары болуы да (29%) операторын ауыстыруға әсер ететін себептердің бірі. Ал абоненттердің 4%-на қызмет ұсыну сапасының төмен болуы ықпал етті.

2016 жылдың қыркүйегіндегі мәлімет бойынша, қазақстандықтардың (39%) көпшілігі интернеттен 1 гб-дан аспайтын ақпарат жүктейді. Ал интернет үшін 6 гб жұмсайтын абоненттер үлесі көбейіп, 28%-ды құрады.