Азаматтар тұрғылықты жері бойынша онлайн тіркеле алады — ІІМ

Фото: tengrinews.kz

Астана. 7 қаңтар. 7kun.kz — Азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тұрақты және уақытша тіркеуге қатысты заңнамаға енгізілген өзгерістерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Ерлан Заманбекұлы Тұрғымбаев түсіндірді, деп хабарлайды ІІМ баспасөз қызметі.

Тургумбаевтың сөзінше, ХҚКО-на барып тіркелу 15-20 минут уақыт алады. Ол үшін бұрынғы тұрғылықты мекенжайынан алдын ала тіркеу есебінен шығудың қажеттілігі болмайды, бұрынғы мекенжайынан тіркеу және шығару автоматты түрде жүргізіледі. Мекенжай ауысқан кезде жаңа құжаттар алудың да қажеттігі жоқ – барлық мәліметтер азаматтардың жеке куәлігіндегі электронды «чипке» енгізіледі.

Сондай-ақ, үйден шықпай да үкіметтің электронды порталы арқылы тіркелуге болады, ол үшін ғаламторға қосылу мүмкіндігі және электронды цифрлы қолтаңба болса жеткілікті, мемлекеттік баж салығы электронды үкіметтің төлем шлюзі арқылы төленеді.

«Бұл барынша жаңа қызмет түрі, бірақ оны 2016 жылы мыңнан астам адам пайдаланды.
Тіркеу туралы ақпарат электронды мәліметтер базасына бірден түседі. Бұл азаматтарды мемлекеттік қызметті алу кезінде тұрғылықты мекенжайы бойынша анықтаманы жинау және ұсыну қажеттігінен босатады», — деді Тұрғымбаев.

Оның айтуынша, тіркеу қажеттілігі жаңа талап емес. «Қазақстанда тіркеу институты 1993 жылы енгізілген. Ол еркін жүріп-тұру құқығын шектемейді, бірақ жаңа тұрғылықты жерге келген азамат өзінің мекенжайы туралы хабарлауы тиіс. Бұл ішкі көші-қонға мониторинг жүргізуге, осы және басқа қалада немесе аудандағы азаматтардың есебін нақтылау үшін қажет. Осы мәліметтердің негізінде жұмыс орындарын ашу, мектеп, арухана құрылысы, инженерлік-техникалық инфрақұрылымды дамыту жоспарланады», — деп атап өтті министрдің орынбасары.

Сондай-ақ, полициядан немесе басқалай органдардан қандай да бір арнайы рұқсат алудың қажеттігі жоқ, тұрғын жай иесінің келісімі болса жеткілікті.

Ведомство өкілі түсіндіргендей, тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеумен қатар, уақытша келген жерінде тіркеу де жүзеге асырылады. Уақытша тіркеуге тұру үшін бұрынғы тіркеуде тұрған жерінен шығудың қажеті жоқ, яғни тұрақты тіркеуі сақталады. Уақытша тіркеу азаматтардың өзі көрсеткен белгілі бір мерзімге рәсімделеді, бұл мерзім өткеннен кейін тіркеу автоматты түрде жойылады. Яғни, уақытша тіркеуден шығу үшін ХҚКО-на арнайы барудың қажеті болмайды.

Министрліктің мәліметінше, 2016 жылы Қазақстан Республикасында тұрғылықты мекенжайының өзгеруіне байланысты 1 млн 200 мың адам тіркеуді рәсімдеген және 750 мың адам уақытша келген жері бойынша тіркелген.

Сонымен бірге, министрдің орынбасары, кейінгі жылдарда пәтер иелері тарапынан жалдаушы тұрғындарға тіркелуге рұқсат бермейтін жағдайлар қалыптаса бастағанын айтады.

«Пәтер жалдаушылар – солардың арасында студенттер, басқа өңірлерден жұмыс істеуге келген адамдар,өздері қалағанның өзінде нақты тұрып жатқан жері бойынша тіркеуге тұра алмады. Соның салдарынан, олар мемлекеттік қызметтерді, медициналық қызмет көрсетулерді, басқалай әлеуметтік игіліктерді пайдалана алмады. Сондықтан, заңды бұзбас үшін олар іс жүзінде өздері тұрмайтын мекенжайлар бойынша жалған тіркеулерді жүргізу жолдарын іздеді. Көбінесе мұндай мекенжайларда он шақты, тіпті жүздеген адам тіркеуде тұрды. Ал олардың бәрі нақты қайда тұратынын іс жүзінде ешкім білмеді», — деді Тұрғымбаев.

Осындай жағдайларды криминалдық элементтер сәтімен пайдаланды, оны іс жүзінде Ақтөбе мен Алматыдағы экстремистік ағымды ұстанушылардың әрекеті көрсетіп берді. Осыған байланысты 2016 жылдың соңында қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне экстремизм және терроризмге қарсы күрес мәселелері бойынша енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы» Заңымен бірқатар қосымша шаралар енгізілді.

Заңға сәйкес ең бірінші, үй немесе пәтер иесінің өздері жалға берген баспанада тұратын адамдарды тіркеу міндеттілігі бекітілді. Бір айдан астам мерзімге уақытша келгендердің де тіркеуге тұру міндеттілігі енгізілді.

Сондай-ақ, «Тұрғын үй қатынастары» заңына сәйкес, уақытша тұрғындардан, яғни үй иесі уақытша тұруға рұқсат берген азаматтардан тіркеу талап етілмейді. Бұған туысқандары және қонақтары жатады.

Аталған талаптардың орындалуын қамтамасыз ету үшін  азаматтарды тіркеусіз тұрғызған үй иелері үшін де әкімшілік жауапкершіліктер қарастырылған, бұдан бұрын әкімшілік жауапкершілікке тек тұрғындар ғана тартылды. Мұндай шаралар тұрғылықты жері бойынша тіркеу мәселесінде азаматтардың құқықтық әрекеттерін ынталандыруға бағытталған. Дегенмен Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, бұл тексерулерді бірден бастап, ең қатаң шараларды қолдануға кірісу деген сөз емес.

Бұған қоса, тіркеусіз тұрған уақыты бір айдан аз болса, құқық бұзушыға ескерту жасалады және тіркеуге тұруға мүмкіндік беріледі.Сонымен бірге азаматтарды тіркеу рәсімдері барлық жерде барынша қарапайым болып қалады.

Соңында Ерлан Тұрғымбаев тұрғындардың есебін жүргізудің осы және басқа үлгісі көптеген мемлекеттерде қолданылып келе жатқанына баса назар аударды. Мәселен, Ресей Федерациясы, Латвия, Литва, Молдова, Эстония, Грузия сияқты бұрынғы бірқатар кеңестік елдерде Тұрғындардың бірыңғай тіркелімі жүргізіледі, сондықтан тіркеуге тұру үшін мемлекеттік мекемеге өзі баруы тиіс. ГФР-да муниципалдық қызметтер тіркеуді жаңа мекенжайға келгеннен кейінгі екі апта ішінде жүргізеді. Келген немесе кеткен мекенжайы бойынша уақытылы мәлімет бермеген немесе бөтен біреудің мекенжайын пайдаланған адамға 1-ден 50 мың евроға дейінгі мөлшерде айыппұл қарастырылған.