Қазанда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 6 млрд теңге түсті

сақтандыру

Астана. 2 қараша. 7kun.kz — 2017 жылы қазанда жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Ұлттық банктегі шотына 6 млрд теңгеге жуық сақтандыру жарнасын аударды. Бұл туралы қор баспасөз қызметі хабарлайды.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылған шілдеден бері түскен жарна мен аударымдар мөлшері 18,6 млрд теңгеге жетті. Оның 81 пайызы немесе 15,02 млрд теңгесі жұмыс берушілердің қарамағындағы жұмыскерлер үшін жасаған аударымдары. Ал, қалған 19 пайызы немесе 3,54 млрд теңге жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға тиесілі.

Жарна төлеу жағынан бұрынғыша Алматы (жалпы соманың 21,6%) мен Астана (12%) қалалары, сондай-ақ Қарағанды (8,2%) және Шығыс Қазақстан (7,4%) облыстары көш бастап тұр.

Көрсеткіш Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының биылға жасаған болжамдарына сай.