Қазкомдағы проблемалы несие деңгейі 40 пайызға өсті

498
Қазкомдағы
Фото:Millioner.kz

Алматы. 1 қараша. 7kun.kz — 2017 жылдың қыркүйегінде қазақстандық банк секторындағы проблемалы кредиттің үлесі 12,7 пайызды құрады. Ал Қазкомдағы мезгілі өтіп кеткен кредит деңгейі 40 пайызға ұлғайған. Бұл туралы «Қазкоммерц Секьюретиз» сарапшысы Динара Тәңірбергенова айтты деп хабарлайды Lsm.kz. 

Сарапшының айтуынша, «жаман» қарыздардың өсуіне БТА банктің кредитін өтеу ең басты себеп болып отыр. Осыған байланысты, Қазкомның қарыз портфелі біраз кеми түскен. Тәңірбергенованың мәлімдеуінше, өткен айдың есебі бойынша Қазкомның проблемалы кредиттер мөлшері 35,8 пайыздан 40,3 пайызға дейін өскен.

Қазкомнан басқа мезгілі өтіп кеткен кредиттер бойынша екінші орында 12,7 пайызбен АТФ банк тұр. Проблемалы кредиттер бойынша ең жақсы көрсеткішті 4,1 пайызбен Цеснабанк көрсетті.

Өтеу мезгілі 90 күннен асып кеткен қарызды проблемалы кредит деп есептейді.

Бұған дейін Халық банк Қазкомның 99,7 пайыз акциясын иемденген еді.