Қазақстандағы ірі банк Қазкоммерцбанк ребрендинг жүргізетіндігін жариялатындығын жариялады. Енді банктің жазылуы мен логотипі өзгереді.
«Алдағы онжылдықта еліміз латын қарпіне көшеді, бұл Қазақстанға толыққанды ақпараттық кеңістікке көшуге мүмкіндік береді. Қазақ халқының өзіне тән жазуын иемденуге деген ұмтылысын қолдай отырып әрі алдағы тіл реформасын назарға ала отырып, біз ребрендинг өткізу туралы шешім қабылдадық», — деп хабарлады банктың басқарма төрағасы Кеңес Рақышев.
Енді банк атауы латын қарпінде QAZKOM деп жазылады.
«Логотипте өзгеріске ұшырады. Қазақстандықтар үйренген көк шаршыдағы күнді бейнеленген сары шеңбер Q әрпіне айналады. Себебі QAZAQSTAN және QAZKOM сөздері осы әріптен басталады», — деп атап өтті ол.
Қазком Қазақстандағы банктер арасында актив көлемі (1 қыркүйектегі есеп — 5,1 трлн теңге) және кредит портфелі (3,9 трлн теңге) бойынша бірінші орынды, жеке капиталы жөнінен (450 млрд теңге) екінші орынды иеледі. Банктің негізгі акционері — бар акциялардың 71,31% иеленетін кәсіпкер Кеңес Рақышев.