Байланыс қызметін көрсету ережесіне жаңа өзгертулер енгізіледі

оператор
Фото: Tengrinews.kz

Алматы. 9 қаңтар. 7kun.kz – Министрлік байланыс қызметін көрсету ережесіне жаңа өзгертулер енгізеді. Бұл өзгертулер ұялы байланыс абоненттері көптен бері айтып жүрген бірқатар проблеманы шешуге бағытталып отыр, деп хабарлайды Дәурен Абаев өзінің әлеуметтік парақшасында.


Жаңа ереже байланыс операторларына жеке шотта қаражат болмаған жағдайда қызмет көрсетуге тосқауыл қойып отыр. Бұл — негізінен роуминг қызметіне қатысты. Осылайша, абоненттік номердің «минус» болуы, яғни қарыз болып қалуы алдын алынады.

Сондай-ақ, бұдан былай ауыстырылған номерге қоңырау шалу кезінде «beep» қосу сигналын еріктен тыс орнату практикасы жойылады. Енді шақыру сигналының алдында қосымша акустикалық сигналдар мен паузаларды орнату абоненттің өтінішімен ғана іске асады.

Сонымен қатар, абонентке ussd команда немесе смс жіберуді енгізу арқылы қосымша байланыс қызметтерін таңу проблемасы да шешілді. Енді қолданушылар клавишті қателесіп басу, кездейсоқ хабарлама жіберу немесе басқа да байқаусызда болған әрекеттер салдарынан қажетсіз қызметтерге қосылып кетпейді.

Жақын уақытта құжаттың толық мәтіні жарияланатын болады. Содан кейін 10 күннен соң ол күшіне енеді.