Балиева: Күлекбаевқа тағылған өлім жазасы жүзеге асуы мүмкін

Сурет: today.kz

Астана. 2 қараша. 7kun.kz ­–­  Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева  өлім жазасына кесілген Руслан Күлекбаевқа қатысты сот шешімі орындалу мүмкін екенін мәлімдеді.

Оның сөзінше, Қылмыстық кодекстің 17 бабы бойынша  өлім жазасы  қарастырылған. Мораторий жарияланғанымен, Конституциямызда  екі жағдайда өлім жазасының жүзеге асатыны көрсетілген.

«Өлім жазасы қылмыстық кодекстің барлық 17 бабында айтылады. Мораторий жарияланған. Алайда Конституцияда мораторийға қарамастан екі нақты жағдайда өлім жазасы қолданылатыны жазылған. Сондықтан өлім жазасы жүзеге асуы мүмкін», — деді мәжіліс депутаты.

Депутат мәжіліс отырысында  Конституцияның  2-бөлімдегі 15-бапты негізге ала отырып: “Өлім жазасы  террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ, соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін ең ауыр жаза ретінде заңмен белгіленеді, ондай жазаға кесілген адамның кешірім жасау туралы өтініш ету құқы бар,” – деді.

Еске сала кетейік, ол  18 шілдеде Алматыда  теракт ұйымдастырып, салдарынан құқық қорғау органдарының 7 қызметкері мен 2 бейбіт тұрғын қаза тапқан еді. Сот 2 қарашада Руслан Күлекбаевты өлім жазасына кесті.

Айару ӨТЕНБАЕВА, «7»