Банк қайтарып алған көлікті өзіңізде қалдыруға бола ма?

банк
Фото: autokadabra.ru

Менде банктен (белгілі бір себептермен банк атауы көрсетілмеді) кредитке көлік алғанмын. 5 ай төлей алмаған соң көлікті қайтарып алды әрі жарты ай сайын жалақымның жартысын ұстап отыр. Кейінірек көлікті қайтарудан бас тартты. Бастапқыда 250 мың теңге пайызын төлейсіз деген. Кейін 330 мың, ал екі күннен кейін  365 мың деп көбейтті. Оған қоса сот орындаушысының ақшасын төлеуіміз қажет деген шарт қойды. Келесі сұрағым банктегі кредитке қатысты. Бір банктен 3 жылға 700 мың теңге  кредит алған едім. 1,5 айдың қаржысын төлеп қойдым. Бірақ әлі 600 мың теңгеден аса қарызыңыз бар дейді. Банкоматымды да жауып тастады. Отбасылы адаммын. Енді банкоматты қайта ашудың жолы барма?

Бекмұханова Эльмира Ематқызы, әлеуметтік желі арқылы жолданды

Эльмира, әдетте көлікті қайтарып алса, сізге қайтарылып берілмеуі мүмкін. Банк бір жақты негізде сатуға құқығы бар. Жалақыңыздың жартысын ұстап отыруға да құқығы бар. Өйткені хатта жазғаныңыздай Сіз 5 ай төлем жасамапсыз. Әрі оның пайыздары өсе береді. Яғни 250 мың теңге осы себептен 330 мың болып отыр. Ал сот орындаушысының ақшасын төлеу дегенге сүйенсек, көлік сот шешімі негізінде алынған. Ол бойынша Сіздің қолыңызға шешім берілуі керек. Ол жерде сот процессі үшін неше төлейтініңіз анық жазылады. Егер көлік сот шешімі негізінде қайтарылып алынса, оны қайтып ала-алмауыңыз мүмкін.

Әдетте банк жалақы картасын кредит алушы өз міндеттемесін орындамаған жағдайда яғни төлемді мерзімінен кешіктірген жағдайда жауып тастай алады. Банктерде өкінішке қарай отбасылы адам, балалы адам деген түсінік жоқ. Несие алушы деген ғана түсінік бар. Картаңызды ашу үшін сізге банктің бас кеңсесіне барып өтініш жазу керек. Сіздің несиеңізбен айналысып жатқан менеджерге жолығып, кеңес алғаныңыз жөн. Әдетте банктер қарыз соманың 30 пайызын төлеген жағдайда картаны қайта ашып, ары қарай ай сайын төлеу мүмкіндігін береді. Осы мәселені анықтауыңыз керек. Сіздің несиеңіз проблемалық болып саналатындықтан мүмкін коллекторлық бюроға өткізілген болуы мүмкін. Мұндай жағдайда коллекторлық бюроға барып мән-жайды анықтау керек.


Құрметті оқырман! Егер банктерге қатысты (несие, проблемалық несие, несие картасы, депозит, банктер туралы жалпы банк, қаржы саласына қатысты) сұрақтарыңыз болса, бізге жолдаңыз, біз банк мамандарын қатыстыра отырып, жауап береміз. Үлкен мәселе болса Журналистік зерттеу жүргізуге дайынбыз. Сұрақтарыңызды info@7kun.kz почтасына немесе WhatsApp арқылы  +7 775 476 6145 телефонын нөміріне жолдауды сұраймыз.