Банктегі салымды бірден қайтарып алсам комиссия ала ма?

304

Мен банкке депозит салып, бір аптадан кейін қайтарып алғым келген. Бірақ банкте мұндай жағдайда 1% комиссия ұсталатынын айтты. Тек бір ай көлемінде сақтасам ғана комиссия алынбайды екен. Бұл қаншалықты дұрыс және барлық банкте осындай ма? Толық ақпарат берсеңіздер.

Жарқын, Алматыдан

Жарқын, иә, банктерде депозитке салған ақшаңызды белгілі бір мерзімге жетпей қайта алсаңыз, комиссия ұстайды. Тек жоғарыда өзіңіз көрсеткендей салған ақшаңыз белгілі бір уақыт аралығында шотыңызда жатса комиссия алынбайды. Бұл мерзім әр банкте әртүрлі. Ең аз мерзім – Kaspi Bank-те. Егер салған ақшаңызды 15 күнге дейін алсаңыз, теңге мен валютада 0,95% көлемінде комиссия алынады. Егер 15 күннен асса комиссиясыз шешіп алсаңыз болады. Сондай-ақ,  Qazcom-да 15 күнге дейін депозитке салған салымыңызды қайтарып алсаңыз теңгеде  0,7%, валютада 1,2% көлемінде комиссия алынады. Қалған депозит қабылдау бойынша белсенді банктерде 30 күнге дейінгі аралықта депозитке салған қаражатыңызды қайтарып алсаңыз, комиссия ұсталады. Банктер мен комиссия және уақыты туралы ақпартпен төмендегі кестеде таныса аласыз. Айта кетейік  банктердің мұндай комиссия алуы заңға қайшы емес. Ақпараттар банктердің Call-орталықтары мен сайттары, әлеуметтік желідегі парақшаларынан алынды және қазіргі кезде күшін жоймаған.

Банк Теңгеде Валютада Мерзімі
Kaspi Bank 0,95 0,95% 15 күн
Halyk Bank 1% 1% 30 күн
Qazcom 0,7% 1,2% 15 күн
Сбербанк 1% 1,5% 30 күн
Центркредитбанк 1% 1,2% 30 күн
Еуразиялық банк 0,9% 1,2% 30 күн
ВТБ 1% 1,2% 30 күн