Банктер біріккен жағдайда екінші банктің төленген қарызды қайта өндіруі заңды ма?

банк
Фото: forbes.kz

Мен 2007 жылы Алматы обылысы Текелі қаласында орналасқан бір кафе мен екі бөлмелі үйімді кепілге қойып белгілі бір банктен 45000 доллар несие алдым. 2009 жылға дейін несиені уақытылы жауып келдім. Қаржылық қиындыққа байланысты 2012 жылға дейін ай сайын ең төменгі көрсеткіш бойынша төлем жасадым. 2012 жылы наурыз айында банк Текелі қалалық сотқа арыз түсіріп несиені өтегеннен қалған сома 43745 доллар қарызды қайтарып беруімді талап етті. Сот шешіміне сай кепілдегі екі нысанды сатып БТАБанктегі қарызды жаптым. Ал осы жылы қыркүйек айында Астана қаласы Сарыарқа аудандық соты шақырды. Себеп мен несие алған банк басқа екінші бір банкке бірігіпті. Сонымен екінші банк қайтарған 43745 доллар ақшаның өсімі ретінде тағы 43740 доллар өндіріп алуды талап етіпті. Сарыарқа аудандық сотынана Текелі қалалық сотының шешімін, орындалғаны туралы қаулыны, төленгені туралы түбіртекті көрсеттім, бірақ септігі болмады. Судья мені 43740 доллар төлеп беруге тағы міндеттеді. Қалалық сотқа арыз түсірдім, ол арада да сот менің қатысуымсыз өтті де шешім өзгеріссіз қалды. Қазір жоғары соттан үміт күтіп жүрмін. Менің сұрайын дегенім банктер біріккен жағдайда екінші банктің төленген қарызды қайта өндіруі заңды ма?

Астана қаласының тұрғыны Оразалы Қазы

Оразалы сіздің берген сұрағыңыз бойынша Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотының шығарған шешімі заңсыз болуы тиіс. Себебі азаматтық іс жүргізу заңнамасына байланысты, нақтырақ айтқанда ҚР азаматтық іс жүргізу кодексінің 151 бабы 1 бөлігі 2 тармақшасына сәйкес сол тараптар, сол нысана және сол негіздер бойынша соттың заңды күшіне енген шешімі болған жағдайда жоғарыда аталған сот судьясы банктің талап арызын қабылдаудан бас тарту туралы ұйғарым шығаруы керек.

Алайда сіздің жағдайыңызда бірінші және екінші сатылы соттарда, берген қарсы пікірлеріңізді соттың елемеуіне байланысты, ҚР-ның жоғарғы сотына кассациялық шағым жазу үшін, сізге білікті заңгердің көмегі қажет. Осы орайда сізге өзіміздің заңгерлік көмегімізді ұсына аламыз, себебі біздің банк саласындағы даулармен халыққа кәсіби көмек көрсетіп келе жатқанымызға жеті жыл толды.

Басқа да түсінбеген сұрақтарыңызбен жұмыс күндері осы телефон арқылы хабарласа аласыз:8 701 887 55 81

Сұраққа жауап берген «Заң Ақиқат» заңгерлік компаниясының заңгері — Жанат Маликбаевич Бутинбаев.


Құрметті оқырман! Егер банктерге қатысты (несие, проблемалық несие, несие картасы, депозит, банктер туралы жалпы банк, қаржы саласына қатысты) сұрақтарыңыз болса, бізге жолдаңыз, біз банк мамандарын қатыстыра отырып, жауап береміз. Үлкен мәселе болса Журналистік зерттеу жүргізуге дайынбыз. Сұрақтарыңызды info@7kun.kz почтасына немесе WhatsApp арқылы +7 700 973 8377 телефон нөміріне жолдауды сұраймыз.