«Баспана» ипотекалық ұйымы биржада 14,4 млрд теңге тартты

17
Фото: Sputnik Казахстан

Алматы. 10 қазан. 7kun.kz — «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ қазақстандық қор биржасына облигацияларын орналастырып, 14,4 млрд теңге тартты, деп хабарлады KASE сайтында.

Ақпаратқа сәйкес, ұйым 9 қазан 2019 жылы KZ2C00006211 (BASPb4) облигацияларын орналастырды.

Қағаздардың номиналды құны жылдық 10,8520% табыстылығымен 1 мың теңгені құрады. Облигациялардың мерзімі – 2019 жылдың 26 қыркүйегінен 2021 жылдың 26 қыркүйегіне дейін (2 жыл).

Белсенді өтінімдердің жалпы көлемінде екінші деңгейдегі банктердің үлесі — 85,3%, брокерлік-дилерлік ұйымдар — 7,7%, басқа институционалды инвесторлар — 0,2%, басқа заңды тұлғалар — 6,8%.

Айта кетейік, «Баспана» ипотекалық ұйымы» акционерлік қоғамы мынадай қызмет түрлерін жүзеге асырады: ипотекалық қарыздар беру, факторингтік операциялар: төлем жасамау тәуекелін қабылдай отырып, тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) сатып алушыдан төлемді талап ету құқықтарын сатып алу, екінші деңгейдегі банктерге ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта беру, тұрғын үй заемдарының қолжетімділігін арттыру бағдарламаларын (оның ішінде мемлекеттік) әзірлеуге, іске асыруға және қаржыландыруға қатысу.