Beeline Қазақстандағы алғашқы 5G желісін іске қосты

713
Beeline
Фото: donpress.com

Алматы. 18 қазан. 7kun.kz — Beeline Шымкентте 5G желісін пилоттық режимде іске қосты, деп хабарлайды 7kun.kz тілшісі.

Сынақ режимі желтоқсан айына дейін жұмыс істейді.

Қазіргі кезде қалада 5G желісін пайдалануға мүмкіндік беретін NOKIA ұсынған үш базалық станция мен тірек желісінің қондырғылары қойылған. Желі шамамен 13 шаршы шақырымды қамтиды.

Тестке кәсіпорындар мен жеке адамдар қатыса алады. Алайда жаппай қолдануға рұқсат пен техникалық мүмкіндігі жоқ. Сондықтан ниет білдірушілерге компания арнайы аймақта, арнайы құрылғы көмегімен 5G мүмкіндіктерін көрсетеді.

Beeline Қазақстанның Бас атқарушы директоры Евгений Настрадиннің айтуынша Шымкенттегі тәжірибе қазақстанға 5G желісін енгізудің дайын бизнес-кейсі болады.

«Біздің міндетіміз – 5G желісін техникалық тұрғыдан сынау ғана емес, сонымен қатар технологияны енгізу үшін қандай мәселелерді шешу керек екенін түсіну. Мысалы, жиіліктер мен инфрақұрылымға барлық оператордың тең қол жеткізуі мен мемлекеттік мекемелердің 5G желісін заманауи стандарттауы және сертификаттауы осы байланыс стандартының жаппай таралуына мүмкіндік береді», — деді Beeline Қазақстанның Бас атқарушы директоры Евгений Настрадин.

Айта кетейік, қазір Beeline Қазақстанның 3700-ден астам қаласы мен елді мекенін қамтиды. Бұл – халықтың 95%-ы, олардың 65%-ы 4G стандартындағы интернетке қол жеткізе алады.