Бензин бағасы қалай өзгерді?

Фото: Nur.kz

Бірнеше күн бұрын жанармайдың орташа бағасы  125 теңгеден сатылған. Бірақ баға біртіндеп қымбаттай бастады. Бағаның өзгергенін жанармай бекеттерінің таблоларынан немесе бензин нарығындағы ірі ойыншылардың сайттарынан да көруге болады.

Мысалы 2 қараша күні Helios сайтында АИ-92 маркасының бағасы 129 теңге деп көрсетілген. Sinooil сайтында да баға осындай. Ал дизель отынының бағасы — 128 теңге. RoyalPetrol сайтында АИ-92 бағасы 132 теңге деп белгіленген. «ҚазМұнайГаз» бекеттеріндегі баға — 128 теңге.

14963548_409558436098679_933091369_oМинистр айтқан себептер қандай?

1 қараша күні Үкімет отырысынан кейін ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев АИ-92 маркалы бензиннің неліктен қымбаттап кеткенін түсіндірді.

«Біріншіден, биыл жаңғырту жұмыстарына байланысты «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» (Шымкент МӨЗ) жоспарлы күрделі жөндеуге шықты. Онда технологиялық үдеріске тікелей қатысты қондырғылар жаңғыртылуда. Өндіріс қарашаның 12-сіне қарай жөндеуден шығып, мұнай өнімдерін өндіруді жандандырады», – деді Қ.Бозымбаев.

Ал екінші себеп — Павлодар МХЗ-да да жөндеу жұмыстары басталған. Себебі үш апта бұрын технологиялық бұзушылықтар анықталған. Энергетика министрі екі-үш күнде зауыт жұмысы қайта қалпына келетінін айтты. Алайда осының салдарынан ПМХЗ-да ашық түсті мұнай өнімдері 4−5%-ға қысқарып, ішкі нарыққа жеткізу азайған. Нәтижесінде Ресейдің қымбат  АИ-92 бензині қазақстандық өнімді қысымға ұшыратты. «Сондықтан кез келген трейдер бағаға әсер етеді және ол көтеріледі», — деді Энергетика министрі.

Бензин бағасының өзгеруі

2002 жылдан 2014 жылдар аралығында Қазақстанда мұнай бағасы 2,6 есеге қымбаттап, 45 теңгеден 115 теңгеге дейін көтерілді. Ал 2015 жылы мемлекет жанармай бағасын реттеуден бас тартқан соң 127 теңгеге дейін қымбаттағанмен, бір жыл ішінде 125 теңге деңгейінде тұрақты болды.

14923027_409571209430735_1089224263_oТапшылық, тыйым салу, рубльдің әсері

OilGasProject компаниясының директоры Жарас Ахметов Кapital.kz сайтына берген түсініктемесінде: «Министр айтқан себептер шын мәнінде бензин бағасының қымбаттауына әсер етіп отыр», — деген.

Бұдан бөлек оның сөзінше, жанармайдың бөлшек бағасының қымбаттауының негізгі себебі — «мемлекет ықпалы жоғары әлсіз бәсекелестік ортаның» болуы.

Сарапшының сөзінше, саланың дамуына мынадай себептер кері әсерін тигізіп отыр. Біріншіден, мемлекет баға белгіленіміне араласып отыр. «Бір жыл бұрын нарықтық бағаға өтетіні туралы хабарлады, бірақ бағаның өзгеруіне қарағанда мемлекет өзінің ықпалын сақтап отыр», — дейді сарапшы. Екіншіден, жанармайдың басқа түрлерінің экспортталуына тыйым салу бар. «Мұның барлығы инвесторлардың қызығушылығын жояды және саланың дамуын бәсеңдетеді», — деп түсіндірді Жарас Ахметов.

Ал экономист Ғалым Құсайыновтың сөзінше, АИ-92-нің қымбаттауына біріншіден, зауыт жұмысының тоқтап қалуы және ішкі нарыққа жеткізілетін шикізаттың тапшылығы, екіншіден, теңгеге қатысты рубль бағамының көтерілуі себеп.