Таңдаулы

Бір минут үнсіздік қайдан шыққан?

Желтоқсан – үнсіз минуттары ең көп айдың бірі. Себебі – қазақ үшін қасіретті солай бола тұра қастерлі оқиғалар, бұл айда өте көп. Дәл осы айда, Алашордашыларды еске аламыз. Аштан қырылған 6 миллион қазақты еске түсіреміз. Себебі, «колхоздастыру» дейтін бәлекет қаулы осы айда қабылданып еді. Жастардың 86-дағы көтерілісі де осы желтоқсанда болды. Бақандай бір айда оншақты дата бар екен. Әрине, баршасын өз деңгейінде атап өтуге тырысамыз. Әлбетте, ол іс-шаралар үнсіз минутпен басталады. Осы  арада, үнсіз минут жайлы ойланып көрдіңіз бе? Неге 1 минут тыныш тұру керекпіз? Ол қайдан шыққан дәстүр?!

Үнсіз минуттың тарихы
Үнсіздік минутының тарихын тап басып, мынау кезеңнен, мынау қауымнан басталады,- деп ешкім айта алмайды. Тек болжамдар ғана бар. Соның бір нұсқасы бүй дейді: «1 минут үнсіздік» деген ғұрып І дүниежүзілік соғыс аяқталған соң, тура бір жылдан кейін Ұлыбританияда пайда болған. Не себеп? Онысын енді, ешкім тарқатып бере алмайды.

Ал екінші бір болжамға сенсек, бұл дәстүр теңізшілерден шыққан екен. Сүйенер дәлелі мынадай: Күн сайын, сағаттың соңғы минуттарында бүкіл кемелер өзара сөйлесуді доғарып, бір минутқа эфирде тыныштық сақтайды. Осы аралықта қиындыққа тап болған яки кемесі суға кеткендердің көмек даусын, жәрдемге шақырған сигналдарын тыңдауға болады екен. Бір минут үнсіздік ғұрпы осыдан шыққан дейді.

Үшінші бір дерек бар. Үнсіздік минуты жаңа құрлық «Америкадан» басталады дейді. Ол былай. Америкаға қоныс аударғандардың ішінде христиандықтың түрлі ағымын ұстанатындар көп еді. Бірі англикан шіркеуінің өкілі болса, енді бірі мормон. Тағы біреуі кверк дегендей. Жаңа жерге енді келіп жеткендер, бірнеше ағымның өкілдері болғанымен де, той-томалақ, өлім-жітімде бірге болуға тырысты. «Кемедегенің жаны бір» – деген бар емес пе?! Ал араларынан бір кісі қайтыс болды делік. Жаназасы қалай шығарылмақ? «Біздің дініміз бойынша былай жасалу керекке»-салса, екінші «Вавилон аласапыраны» орнар еді. Жаңа материкте діни жанжал тудырудан аулақ болғысы келген квакер ағымы – жерлеу кезінде осы «үнсіздік сәтін» ойлап табады: Яғни бәрі бірдей тынышталғанда, әркім іштей өз тілінде, өз дәстүр-дініне сай тілек-дұға оқуды ұсынады.

Екі-үш нұсқаны қарап шықтық. Бірақ, біз келтірген бар нұсқаның бастауы христиандық дініне барып тіреледі екен. Осы арада пайғамбарымыздан қалған өсиетті айта кетсек. Сонымен хадис бүй дейді: «Бір қауым бар. Дастархан үстінде сөйлеушіге де сөз бермейді. Өзі де сөйлеп жарытпайды. Олар еврейлер. Енді бір қауым бар. Ауқаттанып отырғанда ешбірі сөйлемеді. («Когда я ем, глух и нем») Олар христиандар. Тағы бір топ бар. Алдарына тамақ тартылғанда, ортадан бірі шығып сөйлейді. Қалғандары ұйып тыңдайды. Ол мұсылмандар», – деп аяқталады. Көрдіңіз бе, христиан қауымының бір сипаты – үнсіздік екен. Яғни, бүкіл Еуропа, Американың «үнсіздік минутын» жатсынбай қабылдауының бір сыры осында болса керек. Ал қазақ қайғылы жағдайға тап келсе, ардақтысы шейіт кетсе не істейтін еді? Ел болып жиналатын. Құран оқып, дұға қайырысатын.

Не айтпақпыз? 1937-де ажал құшқан Алаш арыстарын еске аларда, Отан үшін шейіт кеткендерге бас игенде, бар шаруаны – бір минут тыныш тұру, ту түсірумен шектемей, ел амандығы үшін дұға қайырған дұрыс шығар? Сіз не дейсіз?

Tags

Осы айдарда

Close