Несие тарихыТаңдаулы1

Бір жылдық тауарлық несиенің сақтандыруы қалайша екі жылға созылған?

Талай рет несие алғанмын. Ал мұндай жағдай бірінші рет басымнан өтіп отыр.

2017 жылы мамырдың соңында 170 000 теңгенің тауарын бір жылға несиеге алғанмын. Кеңес беруші маған бұл сомаға сақтандырудың 10 000 теңгесі кіретінін айтқан еді. Әр айдың 15-нен кешіктірмей қарызды төлеп тұрдым. Содан кейін call-орталыққа хабарласып, несие жайлы білмек болып едім 22 000 теңге қалды деді. Соңғы төлем 2018 жылдың 5 мамырында болды. Несиемді кешіктірмей, тіпті артығымен уақытында төлеп тастағанмын. Бірақ 2018 жылдың 25 мамырында маған маусымның соңына дейін 11 260 теңге төлеу керегін хабарлаған смс келді.

Сall-орталықта маған дұрыстап түсіндірген жоқ, мойыныма 11 000 теңгені артығымен іліп қойғанынан мүлдем хабарсыз, менің сөзімді түсінгісі келмеді. Ай сайын төлеп тұрған 17000 теңгеден бөлек, банк үстіне пайыз қосатынын айтып, сандырақтап кетті. Қарағанды қаласындағы банктің орталық офисіне бардым. Сөйтсе, бұл екінші жылға төленетін сақтандыру ақысы екен. Қалай сонда, бір жылға алынған несиенің сақтандыруын келесі жылы тағы төлейтінім миға сыймайды емес пе?! Сақтандыру да бір жыл болу керек. Олар менің келісімімсіз сақтандыруды тағы бір жылға ұзартқан. Мен сақтандыру компаниясына хабарласып, сақтандыруды келесі жылға ұзартпауын сұрауым керек екен. Бұл сұмдық қой. Енді олар бұл соманы төлеуге міндетті екенімді айтып отыр. Бұл – мені алдын-ала ескертпеген банк қызметкерінің кінәсі. Міне, енді келісімшартты тықпалап, сонда бәрі жазылғанын айтып қоймайды. Кейін қарасам, шартта бірінші және екінші жылға сақтандыру жүретіні жазылған екен. Бірақ онда тұтынушының келісімінсіз сақтандырудың мерзімін ұзарту туралы әңгіме жоқ.

Мен өзіме несие рәсімдеген қызметкердің үстіне, маған ескертпегені үшін арыз жаздым. Қызметкерлер бұл жайлы хабарлау керек еді, бірақ олай етпеген. Енді келіп қызметкердің жауапсыздығы үшін өз қалтамнан сақтандыруды төлеуім керек екен. Банк енді мәселені өзіңіз сақтандыру компаниясына барып шешіңіз деп жатыр. Қарастыруға бір апта уақыт берді. Адамды бұлай алдау дұрыс емес қой. Енді әділ шешімін табады деп үміттенемін.

Аяулым,

Қарағанды

Tags

Осы айдарда

Close